Қазақстан мен Үндістан университеттері серіктестік меморандумына қол қойды
Семей Медицина университеті мен Үндістанның Santosh University ректорлары өзара әріптестік байланыс орнатты, деп хабарлайды 24kz.
Қос жоғары оқу орны ақпараттық технология саласында студенттердің білімін тереңдетуге ниетті. Осы ретте университет базасында оқытушыларды дайындайтын халықаралық орталық ашылды.
Университет басшылары Семей медицина университетінің базасында Santosh University филиалын ашу және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Білім ордасында 1200-ден астам шетелдік студент оқып жүрсе, көпшлігі Үндістаннан келген.
Манож Гойял, Santosh университетінің ректоры:
- Екі университет те өз саласында көш бастап тұр. Сондықтан бұл ынтымақтастықтың болашағы зор. Енді оқытушылар өзара тәжірибе алмасып, біліктілігін одан әрі арттыра алады. Осы арқылы біз студенттердің сапалы білім алуына жағдай жасаймыз.
Семей медицина университеті 1998 жылдан бері студенттерге ағылшын тілінде білім береді. Осы арқылы шетелдегі оқу орындарымен тығыз байланыс орнатты. Бүгінде Santosh University бірлескен білім беру бағдарламасын құрып, осы салаға инвестиция салуға дайын. Ұсынылған жобалар қос тарап үшін де тиімді.
Алтай Дюсупов, Семей медицина университетінің ректоры:
- Үндістанның медицина саласы, фармацевтика, медициналық IT технологиялары өте дамыған. Сондықтан біздің серіктестік меморандумы ары қарай біздің бірлескен жұмысымыз өте нәтижелі болады. Біздің мына 8 оқушымыз бен резидентіміз барып келген еді. Практика жүзінде тәжірибеден өткен болатын. Алдағы уақытта тәжірибеден өтуге баруға болады.
Santosh University – Үндістандағы жетекші оқу орны. Құрамына медициналық және стоматологиялық мектеп, 800 орындық клиника кіреді. 240-тан астам тәжірибелі оқытушы жұмыс істейді. Енді қос университет басшылары «Оқытушыларды қайта даярлау орталығын» құруды жоспарлап отыр.
Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов