БҚО-ның Сырым ауданында студенттік құрылыс жасақтары жұмысқа кірісті

«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының бастамасымен Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданында студенттік құрылыс жасақтары құрылып, тасқын зардаптарын жоюға кірісті.

Құрылыс отрядтары түрлі жоғары оқу орнында оқитын Сырым жастарынан құралған.

Сырым ауданы су тасқынынан елеулі зардап шеккен аудандар санатында. Жымпиты, Бұлдырты және Өлеңті ауылдарында 114 үй жарамсыз деп танылды. Күні бүгін аталған елді мекендерде жаңа үйлер салынып жатыр. Студенттік отрядтар осы құрылыс қарқынын арттыруға атсалыспақ.

Әсет Мырзағалиев, студент:

- Өзіміз бір жағынан қаржы табу үшін, бір жағы жерлестерімізге көмек беру үшін ауылымыздағы аға буынның ұйымдастыруымен осы жұмысқа кіріп жатырмыз. Бізге артқан сенімі үшін рахмет. Алдағы уақытта жүйелі жұмыс атқарып, алға қойған мақсатқа абыроймен жетеміз деген ойдамын.

Жұмагелді Батырниязов, Сырым ауданының әкімі:

- Құрылыстың қарқынды жүруі үшін және жастарымызды бос уақытында жұмыспен қамтамасыз етіп, тәрбие беру бағытын арттыру мақсатында құрылыс отрядтары құрылып отыр. «Ауыл» партиясына үлкен алғыс білдіреміз.

Құрылыс жасақтары құрылуына «Ауыл» партиясы мұрындық болған. Бұған дейін ондай отрядтар Солтүстік Қазақстанда іске кіріскен екен.

Қайрат Айтуғанов, «Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары:

-«Ауыл» партиясы көмек көрсетіп жатыр. Қазір мына 1213 тонна гуманитарлық көмек көрсеттік 268 млн теңгеге. Бүгін осы Сырым ауданында екі отряд 25 адамнан 50 адам студенттік отряд құрылды. Сырым ауданында осындай көмек көрсетіп жатыр. Жоспар тағы 50 адам «Ауыл» партиясына қабылдап, осы айдың аяғына дейін тағы екі отряд іске қосылады. 

Жас құрылысшылар салтанатты жиыннан кейін тіке құрылыс нысандарына аттанып, еңбек майданына кірісіп те кетті. 

Е.Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов