Шымкентте конгресс холл ашылды
Шымкентте бір мезетте 2 мыңнан аса адам кіре алатын заманауи конгресс холл пайдалануға берілді.
Тұрғындар сол сәулетті нысанда бүгін Қала күнін атап өтті. Республикалық маңызы бар қала мәртебесін алған Шымкенттің 6 жылда өнеркәсіптік өнім көрсеткіші 424 млрд теңгеден асқан. Ал инвестиция көлемі 17 %-ке өсті. Шаһардың дамуына үлес қосқан азаматтарға қала күнінде сый-құрмет көрсетілді.
Сәулеті келіскен мәдени кешен қала күнінде ашылды. 17 мың шаршы метрді қамтитын конгресс холда қоғамдық іс-шараларды, конференцияларды, фестиваль мен концерттік қойылымдарды өткізуге болады. Қала әкімі осындай ірі жобаларды таныстырып, тұрғындарды мерекемен құттықтады.
Ғабит Сыздықбеков, қала әкімі:
- Алып құрылыстар, өркенді өндірістер, заманауи ғимараттар, көрікті аллеялар мен саялы саябақтар – Шымкенттің биігі мен бейнесін танытқан жетістіктер. Осынау игіліктердің бастауында қаламыздың еңбекқор халқының қолтаңбасы мен бейнетті еңбегінің ізі жатыр.
Мерекелік іс-шара концерттік бағдарламаға ұласты. Елге танымал жергілікті өнерпаздар табиғи дауыста ән шырқап, жаңа сахнаның шырайын кіргізді.
Жиында қаланың дамуына қажырлы еңбек сіңірген бірқатар сала маманы алғысқа бөленді. Қарапайым оқытушыдан бастап қоғам қайраткері, жазушы, профессор және ғалымдарға «құрметті азамат» атағы берілді.
Момбек Әбдіәкімұлы, жазушы, шежіреші:
- Әркім өзінің туған елінің, туған жерінің тарихын білуге міндетті. 20 жасымнан бастап осы қала туралы көптеген мәліметтер жинай бастадым. Шетелдің архивтері бар, өзіміздің архивтер бар. Осы жастарға өзінің қаласының, өзінің өңірінің тарихын тереңірек білсін деп жаңа шығармаларды жаздым.
Шымкент мегаполис мәртебесін алғалы экомикалық әлеуеті артып, сан салада біршама жетістікке қол жеткізді. Өндіріс өркендеп, инвестициялық көрсеткіш өсті. Құрылыс индустриясындағы кешегі көрініс пен қазіргі жағдай және келешек көрме тақырыбына арқау болды.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов.