Астананың 5 мектебінде инклюзияны қолдау кабинеттері салынып жатыр
«Самұрық-Қазына» қоры Астананың 5 мектебінде инклюзияны қолдау кабинеттерін салып жатыр.
Мұнда ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған құрал-жабдық және оңалту бөлмелері қарастырылған. Бір мезетте 150 оқушы білім ала алады. Бүгін қор өкілдері құрылыс барысымен танысып қайтты.
Инклюзивті білім беруге арналған мектептерде жөндеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Мұнда жаңа оқу жылына дейін логопед, дефектолог, психолог кабинеттері мен қыш шеберханасы ашылуы керек. Оған қоса дене шынықтыруға арналған жабдықтар қойылады. «Бұл ерекше күтімді қажет ететін балалардың сапалы білім алуына көмектеседі», – дейді мамандар.
Альфия Адиева, «Samruk-Kazyna Trust» КҚ бас директоры:
- Бұл 5 мектеп – ең көп ерекше балалар баратын мектептер. Ерекше балалар дені сау балалармен бірге сыныпта оқиды. Бірақ аса қарым-қатынасты немесе қосымша дайындық жұмыстарын қажет ететін уақытта осы инклюзиялық кабинеттеріне келіп жұмыстанатын болады.
Жаңа оңалту бөлмелерін «Самұрық-Қазына» қоры өзінің қайырымдылық операторы «Samruk-Kazyna Trust» арқылы демеушілік негізде жасап жатыр. Компания кабинеттердің кең әрі қолайлы болуына баса назар аударған. Тіпті бұл жұмысқа тәжірибелі сала мамандарын тартып, бірыңғай стандарт әзірледі.
Сәуле Теменова, сарапшы:
- Кем дегенде 60-70 шаршы метр кабинетті алып, сол кабинетті 5-ке бөлдік. Соның төртеуінде мамандар жұмыс жасайды. Тағы бір үлкен бөлмені қалдырдық, 5-ші бөлмені. Ол жерде балаларымызбен бірге топпен жұмыс атқарылады.
Игі бастамаға барлығы 125 млн теңге бөлінді. Бұл қаржы 1 маусымда елордада өткен марафонда жиналған. Осылайша, «Самұрық-Қазына» қоры алдағы уақытта да инклюзия бағытында жұмысты жалғастырмақ.
Авторлары: Бекзат Аманов, Ғалымжан Абдылахат.