Жамбыл облысында мыс концентратын өндіретін ірі кәсіпорын іске қосылды

Шатыркөл кен байыту фабрикасы Шу ауданында орналасқан, деп хабарлайды 24kz.

Өндірісте 350-ге жуық жұмыс орны ашылып, басым бөлігінде жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылады. Фабрика жылына 100 мың тоннаға жуық мыс концентратын өндірмек.

«Қазақмыс» компаниясы бұған дейін де Шу ауданындағы Шатыркөл мен Жайсан кен орындарында мыс өндірісімен айналысқан. Бірақ бар шикізатты өңдемей Балқаштағы зауытқа жіберіп отыратын. Жаңадан ашылған фабрика жылына 1,2 млн тонна кенді өңдеп, 98,6 мың тонна мыс концентратын шығарады. Соның арқасында тасымал шығыны азайып, жергілікті халыққа жаңа жұмыс орны ашылып отыр.

Нұрахмет Нұриев, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы:

- Біз мұнда әлемдегі алдыңғы қатарлы технологияларды қолданып отырмыз. Бүгінгі таңда сапалы концентрат өнімімізді де алып үлгердік. Оның құрамында 22-23% мыс бар. Ал оны бөліп алу 91-92%-ке жетіп отыр. Бұл үлкен көрсеткіш.

«Қазақмыс» жобаны жүзеге асыруға 94 млрд теңге инвестиция салған. Олар өндірістің қауіпсіз және экологиялық таза болатынын айтып отыр. Жалпы зауытта өрт сөндіру депосы, медициналық пункті мен бейнебақылау жүйесі орнатылған. Жалпы аймақта тау-кен өнеркәсібі қарқынды дамып келеді. Алдағы жылдары да біраз кәсіпорын ашылмақ.

Ербол Қарашөкеев, Жамбыл облысының әкімі:

- 228 млрд теңгеге 19 ірі инвестициялық жоба іске асырылады деп жоспарланып отыр. Негізі 2024-2028 жылдардың аралығында бізде 2,5 трлн теңге инвестиция тартатын 70 инвестициялық жоба іске асырылуы жоспарланып отыр.

Инвестициялық жобалардың есебінен биыл өңірде 1500-ге жуық жұмыс орны ашылмақ. Жалпы Жамбыл облысында тау-кен өнеркәсібі саласында 125 кәсіпорын жұмыс істейді. Осы жылдың 6 айында сол зауыттар 54,2 млрд теңгенің өнімін өндірген.

Авторлары: Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Елдар Байділдә