Атырауда АЭС мәселесі бойынша талқылау өтті

Атырауда атом электр станциясын салу бойынша қоғамдық талқылау өтті.

Шараға өңір тұрғындары, жергілікті Қоғамдық кеңес мүшелері, Энергетика министрлігінің өкілдері мен экологтар қатысты. Сала мамандары стратегиялық нысанның маңызы жайлы айтып, түйткілді сұрақтарды ортаға салды.

Елдің энергетикалық қауіпсіздігі – экономиканың дамуына серпін береді. Ол үшін атом электр станциясының маңызы зор. Бүгінгі жиында Қазақстанда атом электр станциясын салудың тиімділігі туралы айтылды. Маңызды стратегиялық нысан бой көтерсе, тозығы жеткен жылу электр станцияларының орнын басады. Сарапшылар инвесторларды тартуға да мүмкіндік болатынын айтты. 

Асылан Сейілбеков, "Қазақстандық атом электр станциялары" ЖШС жетекші инженері:

- Бізге қандай да бір өнеркәсіпті ашу керек болса, оған біз қажетті энергияның мөлшерін беруіміз керек. Оны инвесторлар базалық генератор сұрайды. Тұрақты, 24/7 уақыт бойы беретін энергия көзін сұрайды бізден. Оны тек қана жылу электр станциялары бере алады не болмаса атом жлектр станциялары бере алады. Ал жылу электр станцияларын біз білеміз. 7-10 млн тоннаға дейін көмірқышқыл газының шығындыларын азайтуға көмектеседі, егер атом электр станциясын салатын болсақ. 

Жиынға қатысушылар қауіпсіздік жайын да талқылады. Көптің көкейінде жүрген де осы мәселе. 

Ерболат Қоянбаев, "ҚР Ұлттық ядролық орталығы" РМК директорының орынбасары:

- Барлық инцидиенттер ескеріліп проектіленген реакторлар. Бұл реакторлар толығымен қауіпсіз. Ауыр авария (Фукусима, Чернобыльдағы сияқты авария болу ықтималдылығы) 10 миллион жылда бір оқиға болуы мүмкін. 1 метр бетон қалыңдығы сыртқы күмбезі, ішінде герметикалық оболочка стальной, 8 мм қалыңдығы. Ол 8 балдық жер сілкінісіне тұра алады. 

Атом электр станциясын салу арқылы 8 мың адам жұмысқа тартылады. Елдің инвестициялық тартымы артады. 60 жылдан астам уақыт бойы халықты тұрақты әрі сенімді электр энергиясымен қамтиды. Әлем елдері мұндай жобаның қазір игілігін көріп отыр. Ал Қазақстанда маңызды нысан салына ма, жоқ па, ол күзде өтетін ұлттық референдумда шешіледі.

Асланбек Шығыр, Айбек Байзақов