Қазақстан мұнайына 125 жыл

Биыл отандық мұнай өнеркәсібінің құрылғанына 125 жыл.

Ал Маңғыстауда осы салада жарты ғасыр еңбек еткен ардагер тұрады. Бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан Мұратбай Жақсығатов өз еңбек жолында 15 мұнай кенішінің ашылуына атсалысқан. Ақсақалдың адал еңбегі мен мамандыққа деген махаббаты өзінен кейінгілерге үлгі. Балалары, тіпті немерелері де мұнайшы болуды қалаған.

Мұратбай Жақсығатов ақсақал мұнайшы ретінде еңбек жолын 17 жасында Жетібай ауылында бұрғылаушының көмекшісі болып бастаған. Кейін бұл саланың қыр-сырын терең меңгеру үшін Алматы Политехника институтында білім алды. Сосын Маңғыстауға қайта оралып, бірнеше мұнай көздерінің ашылуына үлес қосқан.

Мұратбай Жақсығатов, ардагер-мұнайшы:

- Біздер мұнай дейтін нәрсеге сіңіп кеттік қой. Ең бірінші, мұнайды өндіру өзінің қиындығымен. Қиындық адамды шыңдайды ғой. Мұнай жұмысында кез келген уақытта дұрыс инженер болмасаң болмайды. Ең бірінші – мұнай кеніші қабылданғаннан кейін оның үстіндегі инженерлік коммуникация. Содан соң ішіне жіберетін құрал-жабдық, есеп. Бәріне қатыстым.

Мұратбай ақсақалдың бүкіл ғұмыры мұнай саласымен біте қайнасқан. Туған ауылы Қаламқас кен орнының іргесінде орналасса, болашақ жарын жұмыста кезіктіріп, үйленді, үлгілі әулетке айналды.

Қуанғали Жақсығатов, Ақтау тұрғыны:

- Әкеміздің өмір жолына қарап, бүгінгі таңда біз де соның салып берген жолымен жүріп бара жатырмыз. Қиын екенін білеміз. Сол қиыншылыққа қарамай, сол жолды таңдадық. Қазір осындай дәрежелі мұнайшының жұмысын атқарып жатқанымызға өте қуаныштымын.

Бүгінде Жақсығатовтар әулетінің мұнай саласындағы жалпы еңбек өтілі – 200 жыл. Ақсақалдың ұл-қыздарынан ерген 17 немересі бар. Олардың ішінде де атамның жолын қуам деп армандайтындар бар.

Авторлары: Тамара Степанова, Ренат Дусалиев.