Қостанай облысында балаларды сауықтыру лагері ашылды

Қостанай облысында «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен «Балдәурен» балалар сауықтыру лагері ашылды.

Қор өңір үшін әлеуметтік маңызы бар нысанның құрылысына 268 миллион теңге бөлді. Жаңа ғимаратта жаздың соңына дейін 300-ге жуық оқушы демалып үлгереді.

«Балдәурен» балалар сауықтыру лагері Әулиекөл ауданында ескі ғимараттың орнына салынды. 60 жыл бойы жұмыс істеп келген лагерь екі жыл бұрын орман өрті кезінде бүлінді. Балалар демалысы үшін жаңа орынды облыс әкімдігі белгіледі. Олардың бұл бастамасы «Қазақстан халқына» қоғамдық қорынан қолдау тапты.

Құмар Ақсақалов, облыс әкімі:

- Елімізде балалар үшін көп жағдай жасалып жатқанын білесіздер. Ең біріншіден мектеп салынып жатыр. Биыл біздің облысымызда 9 мектеп салынып жатқанын көріп отырсыздар. Соңғы 3 жылда осы демалыспен қамтылған балалар саны 40 процентке өскені байқалады.

Қаламқас Қаратаева, облыстық білім басқармасының бас маманы:

-Биыл 3 ауысымда жұмыс жасайды. Келесі жылдан бастап ауысым санын көбейтеміз деп жоспарлап отырмыз. Қазіргі таңда 300 баланы қамту жоспарланып отыр.

«Балдәурен» бір ауысымда 100 баланы қабылдайды. Мұнда өңірдің 5 қаласы мен 20 ауданынан келген оқушылар демалады. 10 жастағы Әлихан Дидарұлы жергілікті мектепте оқиды. Сауықтыру лагеріне алғаш рет келіп отыр. Каникулды өте қызықты өткізіп жатыр.

Әлихан Дидарұлы, оқушы:

- Маған мынау лагерь өте қатты ұнайды. Мұнда волейбол, футбол ойнай аласың.+Мен көп достар өзіме тауып алдым.

Лагерь спорт, музыка, туризм және экология бойынша бағыттарды дамытады. Аумағында заманауи ойын және спорт алаңдары, кітап оқитын жерлер, сахна мен көрермендер орны бар.

Бибігүл Әбдірахманова, «Балдәурен» балалар сауықтыру лагерінің директоры:

- Озық үлгідегі ас әзірлейтін блок және асханамен жабдықталған әкімшілік ғимаратымыз бар. Бәрі ойдағыдай тиісті талаптарға сай салынған. Ескі лагерьге қарағанда әлдеқайда көрікті.

Облыс аумағында қаладан тыс 11 лагерь жұмыс істейді. Жаз мезгілінде ол жақта 9 мыңдай оқушы демалады. Оның екі мыңы тегін жолдамаға ие.

Данияр Сұлтанұлы, Наталья Строкова