Астанада «Kids EXPO. Балалар әлемі» мектеп жәрмеңкесі өтіп жатыр

«Kids EXPO. Балалар әлемі». Астанада осындай атпен мектеп жәрмеңкесі басталды, деп хабарлайды 24KZ.

Шараға мектеп формасынан бастап, дәптер-қаламға дейін оқушыларға қажеттінің бәрі бар. Ұйымдастырушылардың айтуынша, баға нарықтағыдан 5-тен 15%-ға дейін төмен. Сондай-ақ шарада балаларға арналған концерттік бағдарлама мен түрлі қойылымдар өтеді.

Оқу жылы қарсаңындағы жәрмеңке EXPO көрме орталығында осымен үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Дәстүрлі шараға биыл 70-тен астам кәсіпкер келген. Олардың ішінде отандық тауар өндірушілерге басымдық берілді. Мектепке қажет құрал-жабдықтар мен киім-кешектің түр-түрі сөреге қойылған. «Бірақ бұл – коммерциялық емес, бірінші кезекте әлеуметтік сипатқа ие іс-шара», – дейді қала әкімдігінің өкілдері.

Дәрменияр Қыдырбекұлы, Астана қаласы «Есіл» ауданы әкімі:

- Есіл ауданы бойынша оқу жылы басталғанға дейін 1000-ға тарта отбасын мектепке қажет құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз. Астанадағы 5 аудан әкімдігінің әрқайсысы бұл науқанға қатысады. Сондай-ақ түрлі компаниялар мен кәсіпкерлер жыл сайынғы мектепке дайындық акциясында белсенділік танытып, балаларға рюкзактарын табыстап жатыр.

Сауда алаңдарынан бөлек, мұнда сахна қойылып, арнайы концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Ата-аналар сауда жасап жүргенде балалар тәтті тағамдардан дәп татып, түрлі шоу көре алады. Жәрмеңкеге қолдау білдірген компаниялардың бірі – QazExpoCongress. Компания науқан аясында әлеуметтік аз қамтылған отбасылардағы балаларға мектеп сөмкелерін табыстады. 

Нұржамал Оспанова, QazExpoCongress компаниясының өкілі:

- Әлеуметтік аз қамтылған отбасыдан шыққан 40 баланы мектепке дайындадық. Мектепке барлық керек жабдықтармен қамтамасыз еттік. Елорда тұрғындары мен қонақтарын осы жәрмеңкеге қатысуға шақырамыз.

Шараның ауқымы жыл сайын ұлғайып келеді. «Kids EXPO. Балалар әлемі» жәрмеңкесі 18 тамызға дейін жұмыс істейді.

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Жарқын Өрден.