Оралда «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпаздары марапатталды

Оралда «Мерейлі отбасы» байқауының облыстық кезеңінің жеңімпаздары марапатталды.

Ұлттық салт-дәстүр мен отбасылық құндылықтарды насихаттау мақсатында осымен он бірінші рет ұйымдастырылған байқауға 205 жанұя қатысса, соның 13-і облыстық кезеңге жолдама алды.

Күйгенкөл ауылында өсіп өнген Хамзиндер отбасы қазір облыс орталығында тұрады. 78 жастағы Амангелді аға мен Қания ана 5 ұл-қыз, 11 немере-жиен тәрбиелеп өсірді. Отағасы ауылшаруашылығының дамуына үлес қосса,  Қания ана мұғалім. Балалары да ұстаздық жолды таңдаған. Педагогикалық колледж оқытушысы Нұрлан республикалық «Үздік ұстаз» байқауының жеңімпазы. Бақыттың кілті еңбек пен татулықта, дейді берекелі жанұя. 

Амангелді Хамзин, "Мерейлі отбасы" байқауының жеңімпазы:

- Байқаудан жүлдегер болғанымызға өте қуаныштымыз. Енді бала кезімізден бастап, ұрпағымызды, балаларды еңбекке баулып, жасынан бастап, үлкенді сыйлау, білім алу жолындағы көптеген жұмыстар істедік. Енді біздің отбасымызда балалардың бәрі де ұстаз мамандығын алып, осы аналарының жолын қуып, ұстаз болып еңбек етіп келе жатыр, қуаныштымыз. 

«Мерейлі отбасы» байқауына биыл 205 жанұя қатысса, соның 13-і облыстық кезеңге жолдама алды. Олардың қай-қайсысы да ырысы тасып, ынтымағы жарасып, көпке үлгі боп жүрген жандар. Байқау қатысушыларын  марапатттаған өңір басшысы Нариман Төреғалиев отбасы құндылығы қай заманда да мемлекет саясатының темірқазығы екенін атап өтті. 

Нариман Төреғалиев БҚО әкімі:

- Әр отбасының босағасының беріктігі - мемлекет іргетасының мығым әрі кемелдігінің кепілі. Облыс бойынша 11 жылдың ішінде ұлттық байқаудың кезеңдеріне 2205 отбасы қатысқан. Оған қатысуға ниет етушілер де жыл сайын артып келеді. Әр отбасының әл-ауқатын жақсарту - Әділетті Қазақстанды құру жолындағы негізгі міндеттің бірі. 

Отбасылық құндылықтарды дәріптеуде атқарылған іс аз емес. Облыста 5 «Отбасы орталығы» болса, жыл соңына дейін тағы 3 ауданда осындай орталық ашу көзделген. 

Е.Жылқайдарұлы, Е. Меңдіғалиев, Э. Аюпов