Шелек ауылында заманауи үлгідегі жаңа мектеп қолдануға берілді

Балалар бар жақсыға лайықты. Алматы облысы Шелек ауылында заманауи үлгідегі жаңа мектеп қолдануға берілді, деп хабарлайды 24kz.

Әлеуметтік нысан Beeline Kazakhstan компаниясының «Жылы жүрек» қайырымдылық корпоративтік қорының қаржысына салынған. 900 орындық мектепте Шелек ауылының оқушылары тегін білім алады. Мектептің ашылуына Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысты.

Университет кампусы қағидатымен салынған үш қабатты ғимаратта балалардың алаңсыз білім алуына барлық жағдай жасалған. Интерактивті тақта, компьютермен жабдықталған негізгі кабинеттерден бөлек, түрлі зертхана, шеберхана, фотостудия, робототехника, коворкинг аймағы оқушылардың жан-жақты дамуына мүмкіндік береді. Ең бастысы – ғимаратта инклюзивті білім беру талаптары ескерілген.

Ботакөз Бисембиева, Шелек ауылының тұрғыны:

- Үлкен рақмет айтамыз, ауыл балаларына осындай мүмкіндік беріп жатқанына, себебі, өздеріңіз көріп тұрсыздар, заманауи талаптарға сай мактеп. Балалардың болашағына үлкен үлесін қосады. Бүкіл ауылда осындай мектеп ашылса тіпті жақсы болар еді деп ойлаймыз.

Облыста мектеп жасындағы балалардың саны жыл сайын артып келеді. 50-ден астам мектеп үш ауысымда жұмыс істеуге мәжбүр. Сондықтан, бизнестің білім нысандарын салуы құптарлық, - дейді облыс басшылығы. Beeline Kazakhstan компаниясы 2022 жылы 2 миллиард қаржы бөліп, сегіз ауыл мектебіне жөндеу жұмыстарын жүргізген.

Анар Жұмағұлова, Beeline Kazakhstan компаниясы «Жылы жүрек» қайырымдылық корпоративтік қорының директоры:

- Қазір тек қана қаланың балалары ғана емес, осы ауылдың да балаларында да осындай мүмкіндік болуы керек. Біздің қорымыздың және Beeline-ның мақсаты заманауи білім беру үшін соған қолдау көрсетеміз деп, осындай мектеп салдық. Осында келіп, балалармен кездесеміз, күзде жоспар бар, парк саламыз мектептің қасында.

Beeline Kazakhstan компаниясы алдағы уақытта аймақта цифрлық мүмкіндіктерді арттыру үшін базалық стансалар салуды жоспарлап отыр.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Кенже Амраев