Қазақстанның 2023 жылғы қаржылық тұрақтылығы туралы есебі таныстырылды
Банк секторы мен микроқаржы ұйымдарының тәуекелдеріне бағалау, бизнес пен халықтың несие алу қарқыны, еліміздегі макроэкономикалық жағдай. Осы және қаржы нарығындағы өзге де мәселелер бүгін Алматыда өткен «Қазақстанның 2023 жылғы қаржылық тұрақтылығы туралы есебі» атты жиында талқыланды.
Ұлттық Банк 2006 жылдан бері әр жылдың қаржылық тұрақтылығын бақылап, талдау жасап келеді. Өткен жылғы көрсеткіштерді сараптаған мамандар пайымдауынша, банк саласы өзінің орнықтылығын көрсеткен. Корпоративтік портфельдегі проблемалық қарыздар үлесі төмендегенімен, несие портфелінің салмағы да, тәуекел де артып алаңдатып отыр. Ұлттық банк өкілдерінің мәліметінше, қаржы саласындағы ашық есеп беру жүйелік қауіптердің алдын алады.
Ақылжан Баймағамбетов, ҚҰБ төрағасының орынбасары:
- Қаржылық тұрақтылық туралы есеп – өткен жылдың зерттеулері мен сараптамаларын тоғыстыратын жинақ. Осы арқылы еліміздің қаржы саласындағы жүйелік тәукелдер анықталып, қаржы саласындағы қауіптің алдын алуға мүмкіндік жасайды. Бұл жолы біз ашық форматта талқылап жатырмыз.
Депозиттер мен қорлар көлемі бірқалыпты өсіп келеді. Қорлардың мөлшері банктердің жиынтық активтерінің шамамен үштен біріне жетті. Теңгемен жинақ жасайтын тұрғындардың қатары артып, депозиттерін доллармен ұстайтындардың үлесі 16 жылдағы минимумға азайды. Есептік жиынға екінші деңгейлі банк өкілдері, қаржыгерлер мен экономистер қатысты.
Жандос Ыбыраев, ҚҰБ Қаржылық тұрақтылық және зерттеулер департаменті директорының орынбасары:
- Біз өзіміздің сараптамалық табыстарымызды нарықтық қатысушылармен бөлісуге әрдайым дайынбыз. Ең негізгі тәуекелдің бірі қазіргі макрофискалдық салада жатыр. Ол Ұлттық қордың көптеу пайдалануы мен Үкіметтің қаржы активтері төмендеуімен байланысты.
2023 жылы еліміздегі инфляция көлемі 9,8%-ке дейін төмендеп, экономиканың өсуі 5,1%-ке жетті. Ал теңге бағамының өзгеруіне сыртқы факторлардың әсері азайған.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Эдуард Кон.