Атырау облысында полиэтилен өндіретін зауыттың құрылысы басталды
Бүгін Атырау облысындағы «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағында жылына 1,25 миллион тонна полиэтилен өндіретін зауыттың бастапқы құрылыс жұмыстары басталды.
Салтанатты шараға облыс әкімі Серік Шәпкенов, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов және салалық министрліктердің өкілдері, сондай-ақ бірлескен жобаның басшылары қатысты.
Жаңа инвестициялық жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің батысында мұнай-газ-химия өнеркәсібі класстерін дамыту жөніндегі тапсырмасымен қолға алынған еді. Зауыт жылына 1 млн 250 мың тонна полиэтилен өндіруге қауақарлы. Бұл Қазақстанның өңдеу өнеркәсібіндегі ең ауқымды жобалардың бірі болмақ. Оған 7,4 млрд АҚШ доллары шамасында инвестиция тартылып отыр.
Асхат Хасенов, «ҚазМұнайГаз» ҰК, АҚ басқарма төрағасы:
- Соның ішінде 6 млрд доллары – шетелдік инвестиция. Бұдан басқа, құрылыс сатысында 8 мыңнан кем емес жұмыс орны пайда болады. Екінші, эксплутация кезінде 800 жұмыс орын, одан басқа, мултипликативтік эффектіні айтатын болсақ, полиэтилен деген – ол әлемдегі ірі тұтынатын пластик. Біз өзіміздің өнімді экспорттайтын боламыз. Ішкі нарықты толықтай қамтамасыз етеміз.
Жобаны Қазақстан-Қытай және Ресей бірлескен компаниясы іске асырады. Осы заманғы ең озық технологияға негізделген кәсіпорын халықаралық талаптарға толықтай сай дейді мамандар.
Максим Хисматуллин, жобаның техникалық директоры:
- Бұл жерде 2 өндірістік желі болады. Оның біріншісі – этаннан этилен өндіру, екіншісі – алынған этиленнен полиэтилен шығару желісі. Екеуін де газ химиясы саласында аса тәжірибелі шетелдік компаниялар жүзеге асырады. Сондықтан біздің өнімге әлемдік нарықта сұраныс болады деп ойлаймын.
Бүгінде еліміз жылына 200 мың тонна полиэтилен тұтынады екен. Ол сұраныс жыл санап өсіп келеді. Егер зауыт жылына 1 млн 250 мың тонна полиэтилен өндіретінін ескерсек, отандық өнімді экспортқа шығаруға мүмкіндік мол.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Амантай Мәтенов.