Орал жылу өндірушілері мемлекеттік сатып алу жүйесіне өзгеріс енгізуді сұрайды
«Орал жылу қуат» орталығының қызметкерлері стратегиялық нысандарға арналған мемлекеттік сатып алу жүйесіне өзгерістер енгізуді сұрап отыр, деп хабарлайды 24KZ. Бұл мәселе Парламент Мәжілісінің депутаты Асхат Рахымжановпен кездесу барысында көтерілді. Мәселен, жылу-электр орталығының жабдықтары Ресейдің Калуга зауытынан шығады. «Тендер жариялау, жеткізушіні іздеу мен басқа да қағазбастылық жөндеу жұмыстарының мерзімін тежеп, кедергі келтіріп отыр», – деп мәлімдеді мамандар.
Айта кетейік, Орал жылу электр орталығы республика бойынша тозу деңгейі жағынан үшінші орында тұр. Жабдықтардың ескіруі 80%-тен асады.
Бекболат Камешов, «Жайықжылуэнерго» АҚ бас директорының орынбасары:
- Мұнда мен жемқорлық қаупін көріп тұрғаным жоқ. Өйткені біз тендер жариялаған жағдайда қатысушылар бәрібір сол зауытқа барады және сол жерден керекті жабдықты алып келеді. Яғни, біз делдалға артық төлейміз. Егер біз зауытпен тікелей келісімшарт жасасақ, тек жеткізуді ғана жариялаймыз. Нәтижесінде жұмыста кідіріс болмайды. Ал қазір кей жағдайларда жабдықтың өзі екі ай бойы жасалады.
Асхат Рахымжанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Барлығы сол жабдыққа қосылатын үстеме бағасына байланысты. Егер ЖЭО Калуга зауытымен бірнеше жылға тікелей келісімшарт жасайтын болса, өздерінің жөндеу жұмыстарын нақтырақ және тиімдірек жоспарлай алады. Ендеше өтініш орынды деп ойлаймын. Біз бұл мәселені бақылауға аламыз және мәселені Энергетика министрлігі мен Индустрия және құрылыс министрлігіне қоямыз.