Ақтөбе облысында 40 ауыл жарықсыз отыр

Демалыс күндері күн күрт суытып, қар-аралас жаңбыр жауған. Қатты жел көтеріліп, бағаналарды қисайтқан. Дауыл мен мұздың салмағынан қираған тал-терек сол кезде электер сымдарын үзіп кеткен. Қазір мамандар тоқты ретке келтіру үшін күндіз-түні дамылсыз жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ауа-райының тосын мінезінен ең көп зардап шеккен – Мәртөк ауданы тұрғындары. Мұнда 30-дан астам елді мекенде жарық өшкен. 20 ауылда әлі күнге дейін жоқ. Аудан орталығының өзінде көшелердің кестесі жасалып, электр қуаты сағаттап қана беріліп отыр.

Жаңабай Сағиев, Мәртөк ауылы тұрғыны:

- Бір мезгіл жағады. Кеше кешкісін сөніп қалды. Қазір осы кезде жарық бар дейді. Бәріне мынау ауа райы, сосын мынау теректер себеп болды ғой. Үзіп кетті. Ал мына көршімізде 2-3 күннен бері жоқ.

Любовь Салахудинова, Мәртөк ауылы тұрғыны:

- 3 күн болды жарықсыз отырғанымызға. Суды тасып, ішіп отырмыз. Балапан бағамын деп инкубаторға салған 100 жұмыртқа пайдаға аспай қалды.

Аудан әкімідігі өкілінің айтуынша, қазір 3 мыңға жуық отбасы жарықсыз отыр. Облыс орталығынан тартылған негізгі желіде жөндеу жұмыстары аяқтала қоймаған. Сондықтан іргедегі Ресейдің станцияларына қосылу көзделіп отыр. Алайда бұл бағытта да бірнеше жерде апат орын алған.

Аслан Айтмағамбетов, Мәртөк ауданы әкімінің орынбасары:

- Бізде енді ПС-Ақбұлақ дейтін резервті қуат бар. Өзіміздің аудандық және қаладан жарық жүйесінің бригадалары келді. Жөндеу жұмыстарын аяқтап бітірді. Енді қазір Ресейдің қызмет желілері бітсе, кешке дейін ауданды толығымен қамтамасыз етеміз.

 

Жалпы, Ақтөбе қаласымен берге 7 ауданда электр жарығы өшкен. Атап айтқанда, Мәртөк, Мұғалжар, Хромтау, Ырғыз бен Шалқар, Әйтеке би мен Қобдада апат болды. Мамандар барлық деректі ауа райының күрт суытып, алай-дүлей желдің қатты болғандығымен байланыстырып отыр.

Нұрберген Бекеев, облыстық Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім басшысы:

- Көп елді мекендерде тірегін алмастырғанмен, жел қатты болғандықтан, сым ілу мүмкін болған жоқ. Авариялық қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. 50 бригада 217 адам, 66 арнайы техника жұмылдырылған. Бұл жарық жоқ ауылдарда енді бүгін кешке дейін осы электр беруді қалпына келтіруді жоспарлап отырмыз.

Апатты жөндеуге қанша қаражат қажет екендігі әзірге белгісіз. Мамандар өңірдегі бағаналар мен ток сымдарының жалпы жағдайы мәз емес дейді. Монополист мекемеге тиесілі 14 мың шақырым электр желілерінің 74 проценті әбден ескірген.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков.