Елордада БАҚ өкілдері арасындағы чемпионат аяқталды

Елордада 3 айға созылған футзалдан БАҚ өкілдері арасындағы чемпионат аяқталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сөйтіп,12-ші рет ұйымдастырылған біріншіліктің соңғы туры өтті.

Биылғы маусымға елдің әртүрлі БАҚ өкілдерінен құралған 14 команда қатысты. Олар екі «А» және «В» деп екі Лигаға бөлінген. «А» лигасында «Қазмедиа» орталығы чемпион атанса, «Еуразия бірінші арнасы» күміспен күптеліп, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің командасы үздік үштікті түйіндеді. Ал «В» лигасында «Астана ТВ» жеңімпаз атанды. Сондай-ақ жүлдегерлер қатарынан көрінген «Bek Sport» және «Tumalas.kz» командалары да келесі маусымда «А» лигасында өнер көрсетуге мүмкіндік алды.

Әзиз Жұмаділ, ұйымдастырушы:

- БАҚ лиганың мақсаты бұл жерде спортшы тәрбиелеу емес, чемпион шығару емес. Мақсаты – БАҚ өкілдері арасында ынтымақтастықты нығайту, достық аураны күшейту және редакциялар арасындағы ұжымдық рухты қалыптастыру.