Шығысқазақстандық геологтар да Елбасы жолдауын қолдайды

Олардың пікірінше, жаңа кен орындарын анықтап, еліміздің минералды-шикізат базасын нығайту уақыт талабы.

Ал жер қойнауы туралы жаңа кодекстің қабылдануы бұл саланы дамытуға тың серпін береді.

Кенді Алтай деп айдар тағылған Шығыс Қазақстанның төсі қазба байлыққа толы. Тіпті мұнай көзі де бар. Демек, өңірде геологиялық барлау саласын жетілдіру өзекті мәселе. Әлеуеті жоғары стратегиялық саланың Президент назарынан тыс қалмауы кеншілердің қуанышын еселеді.

Болат Бағадаев, геологиялық барлау жүргізу компаниясының басшысы:

- Елбасының жіберіп отырған жолдауында біздің салаға деген көзқарасы өте қуантады. Неге десеңіз, бұл енді болашақта жаңадан ашылатын кен орындары, жаңа шикізат әртүрлі, металлургиялық комбинаттар, жер қойнауын игеретін мекемелерде қаншама жұмыс орындары ашылады. Ол біздің экономикамызға үлкен үлес қосады деп сенемін.

Өңір геологтары жолдауда көрсетілген пәрменді орындауға дәрменді. Соның бір мысалы, мына заманауи технологиялар игеріліп, елдегі минералды-шикізат базасын нығайту жолында күрделі жұмыстар атқарылуда.

Бұл еліміздегі баламасы жоқ көпсалалы зертхана. Виктория Хлудкова жүйелі сынама жасауға арналған мына құрылғымен жұмыс істейді. Оның көмегімен кеннің құрамындағы элементтер легін лезде анықтауға болады.

Виктория Хлудкова, инженер-лаборант:

- Бұл қондырғымен жұмыс істеу өте қолайлы. Бәрін компьютер атқаратындықтан, нәтиже де анағұрлым нақты. Сондай-ақ бұл талдаудың өте жылдам түрі. Соның нәтижесінде жұмыс өнімділігі 4-5 есеге артты. Қазір күніне 500-ден аса сыныма жүргіземіз.

Мамандар өнімді шетелдік нарыққа шығарудың тың жолдарын іздеу үстінде. Бұған қабылдануы тиіс жаңа кодекстің де үлесі зор болмақ.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Дмитрий Пыхтин