Депутаттар: Президенттің 40-тан астам құзыреті Парламент пен Үкіметке өтуі тиімді

Мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу Үкіметтің жауапкершілігін күшейтеді.

Әрі заңдардың сапасын арттыруға септігін тигізбек. Депутаттар мен сарапшылар осындай пікірде. Кез келген заңның іс жүзінде сапалы орындалуы тікелей атқарушы билікке байланысты. Алайда жіберілген олқылықтарға қатысты сын-ескертпелер көбіне депутаттарға айтылып жатады. Осылай деген халық қалаулылары Президенттің 40-тан астам құзыреті Парламент пен Үкіметке өтуі тиімді деп санайды. Себебі, Конституцияға тиісті өзгертулер енгізілсе, үкімет құрамын жасақтау ісіне тікелей Парламент араласады. Егер қандай да бір министрге немесе үкімет басшысына депутаттардың көңілі толмаса, қызметтен босатуға қауқарлы.

Бақтықожа Ізмұхамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бұл біріншіден Парламентке үлкен жүк жүктейді. Екіншіден Үкіметке көптеген мәселелерді өз дәрежесінде шешіп, жауапкершілікті мойынға алуға тура келеді. Үкімет мүшелерінің бекітілуі, олардың қаралып келісуі осындай мәселелердің барлығын Елбасы Парламент пен Үкіметке жүктеп отыр.

Омархан Өксікбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Әлемде қолданып отырған тәжірибеге сәйкес өкілеттіктердің өзінде сұраныс болып отыру керек. Сол сұранысты біздің Парламент арқылы да үкіметтің жауапкершілігін, олардың есеп беру мәселесін жүктеп отыр. Осыменен біздің Президент бір жағынан өзінің өкілеттіктерін өздеріне нығайта отырып, екінші жағынан жауапкершілікті артыратын жолдарын қарастырып отыр.

Өкілеттіктерді қайта бөлу Үкіметтің жауапкершілігін арттырып қана қоймай, шұғыл түрде әрекет етуіне серпін береді, - дейді депутаттар. Әрі Парламент пен Үкіметтің қоян- қолтық жұмыс істеуіне ықпал етеді.

Зағипа Балиева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Үкіметтің жауапкершілігін көтеру керек. Біздің де жауапкершілігімізді көтеру керек. Сондықтан да бір-бірімізге қарап заңның сапасын және оны орындау сапасын көтеруіміз керек. Менің ойымша олар енгізіліп жатқан Коституцияға ұсынылып жатқан өзгерістер өте қажет.

Қоғамда қызу талқыға түскен Елбасының бастамасын сарапшылар да қолдап отыр.

Алуа Жолдыбалина, «Парасат» жүйелі зерттеулер институтының бас сарапшысы:

- Біріншіден екі тармақ билігінің, яғни үкімет пен парламенттің өзара жауапкершілігін арттырады. Екі жақты ықпалдасу болады. Парламенттің рөлі үкіметке қатысты. Үкіметтің Парламентке қатысты жауапкершіліктері артады. Жергілікті мемлекеттік органдарға қатысты үкіметке кірмейтін мемлекеттік органдарға қатысты шешім қабылдаған кезде бір-бірімен тез-тез тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.

Унзила Шапақ, ҚР Конституциялық кеңесінің мүшесі:

- Үкіметтің көп жағдайда Парламенттің алдында жауапты болуы дұрыс деп танып отыр. Бұл жалпы әлеуметтік-экономикалық дамудың нәтижесінде, қоғамның дамуының нәтижесінде келген бірден-бір белес болып табылады. Конституция дегеніміз қоғамдық келісімшарт. Сондықтан қоғамды басқару үшін конституция сол қоғамға сәйкес келуі керек.

Егер Конституцияға тиісті өзгерістер енгізілсе, 30-дан астам заңнамаға түзету жасалады. Қазір арнайы жұмыс тобы құрылып, құжатты бүге-шегесіне дейін қарап жатыр. Айта кетейік, Елбасы Үкіметке бұл ұсыныстарды Парламенттің ағымдағы сессиясы аяқталғанға дейін енгізуді тапсырды.

Авторлары: Назерке Әбдірахманқызы, Ерзат Зайытхан.