Жолдауда жүктелген тапсырмалар еліміздің әрі қарай дамуына септігін тигізеді

Қазақ зиялыларының айтуынша, Мемлекет басшысының биылғы жолдауында жүктелген тапсырмалар еліміздің әрі қарай дамуына септігін тигізеді.

Өйткені әр жаңғыртудың өзіндік мақсат-міндеті бар. Атап айтсақ, Бірінші – тәуелсіздіктің тағанын бекітуге бағытталды. Екінші – жаңғырту арқылы Астана Алматыдан Ақмола облысына көшіріліп, «Қазақстан-2030» стратегиясы бекітілді. Ал үшіншісі мемлекеттің экспорттық әлеуетін көтеруге бағытталған. Яғни, экономикалық маңызы басым. Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалиннің пікірінше, тәуелсіздік алғанына ширек ғасыр болған мемлекет үшін әлемдік бәсекелестікке аяқ басу үлкен жетістік.

Нұрлан Оразалин, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы

- Сырттағы дамыған, өскелең технологияның барлығын қандай жолмен болмасын, өзімізге әкеліп енгізуіміз керек деген сөз айтылды. Соның нәтижесінде бұрын ешқашан айтылмаған экспортқа өнім шығару деген сөз бірінші рет Қазақстан Президентінің аузымен жалпақ жаһанға жария болды.