Мұхтар Құл-Мұхаммед Павлодардағы күйдірілген мұнай коксын шығаратын зауыт қызметкерлерімен кездесті

Заманауи өндіріс ошақтарының іргесі қаланып жатқан «Павлодар» арнайы экономикалық аймағында бәсекеге қабілетті база қалыптасқан.

Бүгін «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед осы аймақтағы күйдірілген мұнай коксын шығаратын зауыттың еңбек ұжымымен кездесті. Елбасы Жолдауындағы өндірісті жаңғыртуға қатысты ойларымен бөлісіп, басым бағыттарға жан-жақты тоқталды.

2015 жылы қолданысқа енген күйдірілген мұнай коксын шығаратын зауыт – «Павлодар» арнайы экономикалық аймағында табысты жүзеге асқан алғашқы жобалардың бірі. Зауыт өнімін Қазақстанның электролиз зауыты тұтынады. Қазір мұнда сағатына 12 мегаватт қуат көзін беретін төрт турбина сынақтан өтіп жатыр. Келешекте іргелес қоныстанған кәсіпорындарды қуат көздерімен қамтымақ. ТМД аумағында баламасы жоқ жаңа зауытта 300 адам еңбек етіп жатыр. Олардың арасында «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде білім алған жастар да бар.

Наурызбай Уахит, зауыт жұмысшысы:

- Біздің зауыт Қазақстандағы бірегей өндіріс орны болып табылады. Мұндай кәсіпорында жұмыс істеу мен үшін үлкен құрмет. Зауытымыз қазір дамып келеді, бұл жерде жұмыскерлерге барлық жағдайлар жасалған.

Озық технологиялы тағы бір кәсіпорын – Павлодардың үй-құрылысы комбинаты. Темірқұйматас бұйымдарын жасайтын зауыт фин технологиясымен жабдықталған. Тұрғын үй құрылысын дамытуға белсенді атсалысып отыр.

Мұхтар Құл-Мұхаммет, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары:

- Елбасымыз тәуелсіздік алған жылдары кәсіпкерліктің дамуы үшін барынша жағдай жасады. Мен жанында жүріп ұзақ жыл қызмет істеген адам ретінде нық сеніммен айта аламын: бірде-бір елдің президенті кәсіпкерлікті дамытуға дәл Нұрсұлтан Әбішұлындай үлес қосқан жоқ. Сондықтан біз де қазір кәсіпкерлік қай жағынан болсын мықты дамып келе жатыр. Мемлекеттің қолдауының арқасында.

Қазақстанның үшінші жаңғыру кезеңі озық, өндірістік технологияларға тікелей байланысты болмақ. Бүгінде отандық тауар өндірушілерге барлық мүмкіндіктер қарастырылған. «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Елбасы азаматтарды қол жеткен жетістіктермен шектелмей, бәсекеге қабілетті өнімдер шығарып, түптеп келгенде бүкіл Қазақстанның экономикасын өркендетуге үлес қосуға шақырып отырғанын жеткізді.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Арман Якубов, Алексей Омельницкий