О.Сәбден: Биліктің бір бөлігін Парламент пен Үкіметке бөліп беру өте орынды

«Конституциялық реформа Қазақстанның дамуы үшін ауадай қажет. Өйткені елімізде экономикалық даму ілгерілеп, саяси даму кенжелеп қалды», - дейді Алматыдағы Ұлттық кітапханада бас қосқан ғалымдар.

Академик Оразалы Сәбденнің айтуынша, биліктің бір бөлігін Парламент пен Үкіметке бөліп беру өте орынды. Сол арқылы елді төрт сала арқылы басқару керек дейді. Яғни мемлекеттік басқару, бизнес өкілдері, ғалымдар және қоғамның ел басқарудағы үлесі тең болу керек. Өйткені мемлекет қоғамнан құралады.

Оразалы Сәбден, ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының академигі:

- Конституциялық реформа – бұл саяси реформа. Биліктің үш тармағы тепе-тең болу керек. Өз құқымды керек болса, берейін алыңдар, бірақ тиімді басқарыңдар деп отыр. Міне осыған біз білімді азаматтар, осы мәселені жақсы білетін кісілер жақсы-жақсы ұсыныс беруіміз керек.