Қуандық Бишімбаев 24 жылға бас бостандығынан айырылды

Қуандық Бишімбаев 24 жылға сотталды, деп хабарлайды 24KZ.

Ол өзінің азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы асқан қатыгездікпен азапатап өлтірді деп айыпталды. Бүгін Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында осындай үкім шығарылды. Қоғамда резонанс тудырған іс алқабилердің қатысуымен қаралды. Ал 1,5 айға созылған сот процесі тікелей эфирде көрсетілген болатын.

Қоғамда резонанс тудырған Қуандық Бишімбаевқа қатысты қылмыстық іске бүгін нүкте қойылды. Өзінің азаматтың некедегі зайыбы Салтанат Нүкенованы асқан қатыгездікпен азаптап өлтірді деген күдікке ілінген ол жарты жылға жуық уақытша ұстау изоляторына қамалған болатын. Ал оның ісіне қатысты сот наурыз айында басталған еді. Айта кету керек, қылмыстық іс алқабилердің қатысуымен ашық режимде қаралды. Мұны айыпталушы Қуандық Бишімбаевтың өзі сұраған болатын.

Айжан Құлбаева, судья:

- Бишімбаев Қуандық Уәлиханұлы Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы және 99-баптың 2-бөлігі, 5-тармағы бойынша кінәлі деп танылды. Қылмыстардың жиынтығы бойынша 24 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарылды.

Бишімбаевпен бірге оның бөлесі Бақытжан Байжанов та сотталды. Оған сот 4 жыл бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Қаралы оқиға болған гастро орталықтың бұрынғы директоры Қуандық Бишімбаевқа қылмыстың ізін жасыруға көмектесті деп танылды.

Саяхат Нұрбеков, мемлекеттік айыптаушы:

- Байжановқа біз 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұраған болатынбыз. Бұл бап бойынша ең максималды мерзім – ол 6 жыл. Бірақ оның кәмелет жасына толмаған балалары болғандықтан, жаза сәл жеңілдетілді.

Айта кету керек, Қуандық Бишімбаевтың ісінде прокурорлар айыпталушыны 24 жылға бас бостандығынан айыру жазасын сұраған болатын. Үкім шығарар алдында судья мен алқабилер заңға сәйкес ашық дауыс беру арқылы тиісті шешім шығарды

Айжан Аймағанова, мемлекеттік айыптаушы:

- Тағайындалған жаза жасаған қылмысына толық сай деп есептейміз. Кейбірі Бишімбаевты өмір бойына бас бостандығынан айыру керек деп айтқан. Бірақ мұндай жаза 2 немесе одан да көп адамды өлтіргені үшін беріледі. Жалпы соңғы 5 жылда алқабилердің қатысуымен өткен сот отырыстарында мұндай бап бойынша өмір бойына бас бостандығынан айыру үкімі шығарылмаған. 15 жылдан астам уақытқа түрмеге қамау үшін 10 алқабидің 8-і дауыс беруі керек. Көріп отырғанымыздай, осындай дауыс бүгін жиналды.

Қуандық Бишімбаевқа қатысты шығарылған сот үкімімен марқұм Салтанат Нүкенованың туыстары толық келісіп отыр. Бишімбаев пен Байжанов 15 күннің ішінде сот шешімін аппеляцияға бере алады.

Авторлары: Риат Шони, Бақыт Топтаева.