ШҚО-да М.Әуезов музейі жөнделеді
Семейдегі Мұхтар Әуезов музейі қайта жаңғыртылады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Шығыс Қазақстан облысына қарасты Абай ауданындағы бұл нысан бұдан 34 жыл бұрын ашылған. Ұлы суреткердің мерейтойына орай, сонымен қатар тағы жиырмаға жуық әлеуметтік нысан мен мәдениет ошағы жаңарады. Мұхтар Әуезовтың музей-үйі республикалық маңызы бар нысандар тізіміне енген. Бұл хәкім Абай туған топыраққа қадам басқанда алдыңыздан шығатын ең алғашқы туристік нысан. Жазушының туған жері Бөріліде қазір он шақты-ақ үй тұрады. Ұлы суреткердің 125 жылдық мерейтойы қарсаңында бұл жер толығымен абаттандырылады.
Шағжан Исабаев, музей меңгерушісі:
– Мұнда қонақтар бірінші бізге соғады. Сондықтан да біздің өтінішіміз бұл музейге мысалы 4 шақырым мына негізгі трассадан Бөрліге дейінгі жол салынса. Қиыншылық тудыратын сол. Мысалы туризмді дамытамыз деп жатырмыз қыс, көктем уақытында мына жолды су жырып кетеді. Осы жол көтерілсе деп тілейміз. Екіншіден, бізде интернет желісі жоқ.
Бұл музей 1987 жылы жазушының 90 жылдық мерейтойына орай ашылды. Қазір мұнда қазақтың қабырғалы қаламгерінің өмірінен сыр шертетін 300-ге жуық экспонат бар. Барлық экспозициялар сандық технологияның арқасында жетілдіріледі. Мерейтой қарсаңында ауданда жиырмаға жуық әлеуметтік нысан мен мәдениет ошағы жөндеуден өтпек.
Сырым Рақымжанов, Абай аудандық құрылыс, ТҮКШ және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:
– Музей алаңында абаттандыру жұмыстары толық жүргізілді. Оған қосымша қажетті мынау сыртқы қоршауын ауыстырсақ деп отырмыз. Сонымен қатар ағаштар ексек, гүлдендіру жұмыстарын жүргізсек деген жоспарымыз бар. Әуезовтың туған жері осы жерден 1 километр шамасында Аяққараған деген орын бар. Сол жерге белгітас қойсақ деген жоспарымыз бар.
Қасқабұлақ елді мекеніндегі Мұхтар Әуезов мектебі жөнделіп, мәдениет үйінің ауласы абаттандырылады. Жазушы ескерткіші орнатылған саябақ, Әуезов көшесі мен Еңлік-Кебек ескерткіші жаңартылады. Сондай-ақ онда қос ғашықты бейнелейтін архитектуралық ескерткіш қойылмақшы.
«Әзірге тұрғындар сұрап отырған жол бөлігін көтере алмаймыз. Ғаламтор мәселесін алдағы жылы шешіп береміз» деді аудандық әкімдіктегілер.
Авторлар: Ардақ Айбарұлы, Әсем Өтешева, Берік Жобалайұлы