26 жыл бұрын ұлы Абай жылы ЮНЕСКО көлемінде тойланды

Тәуелсіздік шежіресі айдарында 1995 жылы ел өмірінде құқықтық, мәдени хәм қоғамдық үлкен өзгерістер болғаны баяндалды, деп хабарлайды «Хабар 24». 

1995 жыл қазақ еліне үлкен рухани серпіліс әкелгендей болды. Елімізде Абай жылы жарияланды. Ұлтымыздың дара тұлғасын ұлықтау ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтті. Осылайша ақынның 150 жылдығын тұңғыш рет кең көлемде өткізу, Абайды жаңа қырынан тануға мүмкіндік берді. Алматыдағы Республика сарайында өткен салтанатты жиынға 25 елдің мемлекет басшысы мен премьер-министрі бастаған көп делегат қатысты.

БІРЛІККЕ БАСТАЙТЫН ИНСТИТУТ

Ал 1 наурызда Президент жарлығымен Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Ұлттық-мәдени орталықтар, этнологтар, заңгерлер, басқа да сала өкілдерінің пікірлерін зерттей келе осындай ұйғарым жасалды. Ассамблеяға Мемлекет басшысының жанындағы консультативті-кеңесші орган дәрежесі берілді. Содан бері елді бірлікке бастайтын қоғамдық институт көп іске ұйытқы болып, бүгінге дейін өзіне артылған қызметті жемісті атқарып келеді.

БАНКНОТ ФАБРИКАСЫ

1995 жылы 19 мамырда Алматыда банкнот фабрикасының бірінші кезегінің ашылу рәсімі болды. Бұған дейін шетелде басылып келген төл теңге Қазақстанда шығарыла бастады.