Қант тапшылығының зардабын кондитерлік өнімдер өндірісі тартуы мүмкін
Қор жасақталмаса, тамақ өнеркәсібінің осы саласында еңбек ететіндердің жұмыссыз қалу қаупі бар. Жалпы шекер тапшылығына не себеп? Бүгін осы мәселеге үңілмекпіз, армысыздар!
Халықты тәтті өнімдермен қамту үшін отандық кондитерлер жылына 60 мың тонна қант жаратады. Оның басым бөлігі Ресейден импортталатын, біраз бөлігі қазақстандық қант өндірушілерден алынатын. Көбінесе елімізде өндірілген шекерді шағын кондитерлер қолданады.
Ал, ірі тәтті өндірушілер ресейлік компанияларымен келісімшартқа отырып, қантты тонналап алдыратын. Қазір көрші ел шекер экспортына шектеу қойғандықтан, ол компаниялар міндеттемелерін орындамай отыр.
Кондитерлік өндірісті ұлғайтуды жоспарлаған кәсіпорындар енді қайтып амалдайтынын білмей отыр. Өйткені, алдағы айларда квотасыз әкелінетін 125 мың тонна шикізатқа 4 қант зауыты мен трейдерлер өтінім беріп қойған. Кәмпит пен тәтті шығаратын фабрикаларға одан тиер үлесі көп емес.
Лаура Бергібаева, Қазақстандық Кондитерлер қауымдастығының президенті:
– Жаз мезгілінде қазақстандық зауыттар қанттың 40-45 мың тоннасына дейін өндіретін болар. Бірақ дәл қазір кондитерлік фабрикалар қоймасындағы қант қоры азайып барады. Қазір онда бір айға жетер-жетпесі ғана қалды. Отандық зауыттар ең алдымен қарапайым тұтынушыларды қантпен қамтуды мақсат еткенін түсініп отырмыз. Осыған байланысты тездетіп шетелден қант жеткізетін компаниялармен келісімшарт жасасуымыз керек.
Жалпы Қазақстанға квотасыз импортталатын қанттың мөлшері 300 мыңнан 400 мыңға дейін жеткізілмек. Кондитерлер қауымдастығының президенті «Осы 100 мың тоннасын үлестірген кезде қайта өңдеушілердің мүддесі ескерілсе» дейді.
Әйтпесе, кондитерлік өндіріс біржола тоқтап қалуы мүмкін. Қордағы қант таусылса, 10 мыңнан астам адамның жұмыссыз қалу қаупі бар.
Қажет болса, отандық кондитерлер шикізатты квотадан тыс алуға әзір. Бірақ оның әрбір тоннасына 340 доллар көлемінде баж салынады. Сәйкесінше, тәтті өнімдердің бағасы қымбаттайды.
Бірақ одан бұрын қантты қайдан аламыз деген сауал туындайды. Өйткені, таяу шетелде шекер өндірілмейді. Ал алыстан арбалауға көп уақыт шығындалады.
Хош. Логистикалық қиындық өз алдына, жалпы алыс мемлекеттер қантты бізге экспорттауға қаншалықты құштар? Осы сұраққа жауап бермес бұрын, әлемдегі шекер экспортына үңілсек.
Бақыт: Жалпы, әлемдегі қант өндіруші алпауыттардың қатарында Үндістан, Бразилия, ЕуроОдақ және Қытай бар. Үндістан қант өндіруден бірінші орында тұрса да, шекерді сыртқа сатудан Бразилия оқ бойы озық тұр.
2020 жылғы дерек бойынша Бразилия жаһанның үштен бір бөлігін қант құрағымен қамтыған екен. Биыл өнімділік жоғары болады деп күтілгенімен, ол да экспорт көлемін қысқартпақ. Өйткені наурызда Бразилия этанолдың импортына шектеу салды. Елдегі этанолдың өндірісіне дәл осы қант құрағын жаратпақ екен. Себебін, Ethanol production журналына берген сұхбатта сарапшы Джастин Кирххофф былай деп келтіреді.
Джастин Кирххоф, Agricultural Group инвесторлары саммитінің президенті
Бразилиядағы жанар-жағар май стансасына келсеңіз, сұйық отынның үш түрін кездестіресіз. Оның бірі дизель отыны, екіншісі 27% этанол қоспасы бар бензин, ал үшіншісі 100% этанол. Мұндағы жүргізушілер көбіне 100 проценттік этанол немесе 27 проценттік этанолы бар отынды көліктеріне құйып жатады.
Анығын айтсақ, қант тапшылығы Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде байқалады. Бұған Украина мен Ресей арасындағы соғыс та себеп. Жаһандық экспорттағы үлесі 10 процентті құрайтын Үндістан да ішкі нарығын қамту үшін, шекер экспортын уақытша шектеді. Ал оның зардабын Қазақстандағы кондитерлер ғана емес Қытай мен АҚШ та тартуы әбден мүмкін.