Отқа оранған орман. Апаттың зардабы қаншалықты ауыр? – Анығында
Қостанай облысындағы өрттің аумағы биыл тіркелген барлық орман өртінен асып түсті. Жарты жылда 660-қа жуық орманды алқап отқа оранып, 37 мың гектары өртенген еді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Ал соңғы 4 күннен бері елді әбігерге түсірген тілсіз жау 43 мың гектарды жойды. Жыл басынан бері еліміздегі орманды алқап өртінен 537 млн теңге шығын келді. Төтенше жағдайлар министрлігінің бұл есебіне, әрине, Қостанай облысындағы апаттың шығыны әлі ілінген жоқ. Арнайы құрылған комиссия қазір зардабын зерделеп, есептеп жатыр. Оны алдағы уақытта білетін боламыз. Осы тілсіз жаудың салдарымен күрес бір мәселе, ал оның түпкі себебін анықтап, апаттың алдын алу бөлек дүние. Экологияға орасан зор кесірін тигізген өрт ошағын тезірек анықтап, жылдам сөндіруге болар ма еді? Көпті мазалайтын сұрақ бұл.
2004 жылы Қостанай өңіріндегі Аманқарағай орманы дәл осылай отқа оранған еді. Ол кезде де қызыл жалын қарағайдың басын шарпып, бірнеше минуттың ішінде өзге ағаштарға шапқан. Қарағай бүршіктері атылып, жыртылған жерге түсіп, халықты қатты үрейлендірген. Көршілес Наурызым ауданының сол кездегі әкімі Еркебұлан Хасенов бұл жөнінде былай деп еске алады.
Еркебұлан Хасенов, Қостанай облысы наурызым ауданының бұрынғы әкімі:
– Сол кездегі облыс басшылығы жедел әрекетке көшкен. Ауыр техникамен ағаштарды құлатып, оттың әрмен қарай таралуына тосқауыл болатын бөгет жасады. Дереу жерді жыртып, әуеден су бүркіп, көпшілікті жедел жұмылдырды. Осылай қызыл жалынның таралуына жол бермеді. Мыңдаған гектар орманды алқапты осылай сақтап қалдық. Бірде бір үй өртенген жоқ. Осыған ұқсас жағдайда бәрінің де сылбырлық танытқаны бірден көзге түсті. Өрт 2 қыркүйекте шықса, оны өшіруге тек бір тәуліктен соң кіріссе, әрине, басқа не күтуге болады? Ал күннің ыстығы мен жел бұл жерде жалаң желеу ғана.
Туған жері Әулиекөлді қара түтін басқанда бұрынғы әкімнің қатты налығаны түсінікті. Десе де төтенше жағдай министрлігінің бұған айтар уәжі бар.
Әсет Тоқтамысов, ҚР ТЖМ өртке қарсы қызмет комитетінің бас маманы:
– Өрт туралы хабар түсе салысымен барлық жауапты мемлекеттік органдар іске кірісті. Қостанай облысындағы төтенше жағдай басқармасының барлық техникасы бірден жіберілді. Өрт ағаштардың басын шалғанын ескерсек, оның таралу жылдамдығын болжау мүмкін емес. Осыған қарамастан, өрт сөндірушілер мен волонтёрлер тәулік бойы қызыл жалынмен күресіп келеді.
Қайткен күннің өзінде, өңірге барған төтенше жағдай министрі өрт туралы дабылдың кеш берілгенін мойындады.
Юрий Ильин, ҚР төтенше жағдай министрі:
– Келісемін, өрт ошағына қатысты дабыл кеш түскен. Ол шамамен 20 шақырымдық жерден шыққан. Қызыл жалын бір мезетте бірнеше жерден шарпыған. Жылдамдығы секундына 25 метрге жететін жел қас-қағым сәтте алаудың үлкен аумаққа тарауына түрткі болды. Қызыл жалын ағаштардың ұшар басын жалмай берді. Жердегі өрт сөндірушілер үшін мұндай отты өшіру қиын әрі қауіпті.
Жермен жексен болған үйлердің орнына тездетіп жаңасын соғуға болар. Экология жанашыры Сәкен Ділдахметтің айтуынша, 40 мыңнан аса гектар орманды қалыпқа келтіруге шамамен 70-100 жыл қажет.
Сәкен Ділдахмет, экология сарапшысы:
– Еліміздегі орман қоры небәрі 3,8 %. Қостанай облысындағы орман өрті табиғатқа орасан зор шығын алып келді. Ол біріншіден, орман қорына, екіншіден, жануарлар әлеміне, үшіншіден, орманды жердің өкпесі саналғандықтан оның зардабы бір жыл емес, алдағы 10-20 жылға дейін сезіледі.
Анығында, орманға қасақана от қойғандарға ауыр жаза белгіленген. Қылмыстық кодекстің 341-бабына сәйкес, айыпты 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылып, дүние-мүлкі тәркіленеді.
Ия, осы бап бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қош, қылмыскерлер мүмкін ұсталар, түрмеге қамалар, дүние-мүлкінен айырылар. Бірақ тұтас елде шөкімдей ғана аумақты алып жатқан орманды қалпына келтіруге бұл жете ме? Осы сауалды кімге жолдарымызды да білмейміз. Ақиқаты сол, табиғатымыз – баға жетпес байлығымыз. Ендеше қолда барда алтынның қадірін білейік.