Шымкентте үш ауысымды мектеп мәселесі шешілді

Шымкентте жаңа оқу жылына дейін 18 мектептің құрылысы аяқталады.

Сөйтіп, үш ауысымда бала оқыту мәселесі түбегейлі шешіледі. Ол үшін №65, 45 және №1 білім ошақтарының жанынан 600 орындық қосымша ғимарат салынды. Сондай-ақ инвесторлар есебінен бой көтерген жаңа мектептердің арқасында оқушы саны тығыз ошақтар 21-ден 12-ге қысқарып отыр. Жекеменшік мектептер жан басына қаржыландыру жүйесі арқылы балаларды тегін оқытады. Ал келесі жылы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 12 мектеп пайдалануға беріледі. Қалалық білім басқармасының мәліметі бойынша жаңа оқу жылына қабылданған бала саны рекордтық көрсеткішке жетті. Бірінші сыныпқа 28 мыңнан астам оқушы қабылданып, былтырғымен салыстырғанда 7 мыңға артқан.

Жанат Тәжиева, қалалық білім басқармасының басшысы:

- Шымкент қаласында үш ауысым мәселесі түбегейлі шешілді. Дегенмен де бала саны тығыз сыныбы бар мектептердің саны бұған дейін 21 болатын болса, енді 12-ге кеміді. Енді осы 12 бала саны тығыз мектептің мәселесі  «Жайлы мектеп» жобасы аясында толық шешімін табатын болады.