Онкологияны емдеудің тың тәсілі табылды
Израильдің және әлемнің білікті мамандары қазақстандық дәрігер-онкологтарға арнайы курс ұйымдастырады.
Қатысушылар іріктеуден өтті, оқу тегін болады.
Бұл курсқа "Медицинаға әділетті түрде қол жеткізуді қолдайтын халықаралық ұйым" өкілдері мұрындық болған. Басты идея – барлық адам сапалы медициналық қызмет алуға тиіс.
Эрель Йоффе, медицина орталығы клиникалық зерттеулер бөлімінің меңгерушісі:
- Денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін бағалағанда, біз бірінші кезекте ортақ жұмысқа қанша дәрігердің тартылғанына және ақпаратты қалай алмасатынына мән береміз. Мықты деген маманның өзі жалғыз жұмыс істегенде дәрменсіз болады. Оған басқа дәрігерлердің ақыл-кеңесі ауадай қажет.
Ынталы топ бұл жолы онкологияға назар аударды. Соңғы 10 жылда бұл салада ғаламат жаңалықтар болып жатыр. Жаңашылдықтың бел ортасында – Израиль тұр.
Эрель Йоффе, медицина орталығы клиникалық зерттеулер бөлімінің меңгерушісі:
- Бұрын лимфома өте қатерлік ауру деп саналып, оған шалдыққан науқастың өмірі бірнеше айға ғана жететін. Әлемде, оның ішінде Қазақстанда станттарды ем бар, химиотерапия деп аталады. Ол 70 пайыз жағдайда көмектесетін. Қалған 30 пайызда мүлде ем қонбайтын. Израильде оның биологиялық емдеу тәсілі енгізіле бастады. Ол адамның өз иммунитетіне негізделген. Нәтижесі керемет. Әріптестерге осы тәжірибе туралы айтамыз.
Курс 1 жылға жалғасады. Алғашқысы Қазақстанда оффлайн және онлайн форматта өтеді. Израиль, АҚШ және еуропалық мамандар жіберіледі. Олар жаңа технологияларды үйретіп қана қоймайды, сондай-ақ әріптестерді халықаралық жүйеге біріктіреді. Израильде тағылымдама ұйымдастырылады.
Яков Фишман, халықаралық ұйымның атқарушы директоры:
- Мұнда олар алған білімнің қалай қолданылып жатқанын өз көзімен көреді. Дәрігелердің кеңесіне қатысады. Анализ уақытылы келмеген жағдайда не істеу керектігін, науқаспен қалай жұмыс істеу қажеттігін біледі.
Бұл ұйым науқастарды ем қабылдауға дайындаумен де айналысады. Оларға түрлі мүмкіндіктер мен құқықтары түсіндіріледі.