Түркістан облысында 50-ге жуық медпункт салынады

Ауылдық жерлерге алғашқы медициналық көмек көрсететін заманауи орталықтар қажет.

Кеңес заманында салынған кейбір емханалар әбден ескірген. Мемлекет басшысының «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында елімізде 600-ден астам нысан салу көзделген. Биыл Түркістан облысында қанша медициналық бекеттің құрылысы басталады?

Владимир Федотов – Қараспан ауылдық округіне қарасты Көлтоған елді мекенінің тұрғыны. Қан қысымына байланысты бірнеше жылдан бері ауылдық емханада есепте тұрады. Денсаулығы сыр берсе, бірден осында келіп, дәрігерлерге қаралатынын айтады. Елді мекеннен жаңа фельдшерлік акушерлік пунктың ашылғанына дән риза. Себебі бұрынғысы әбден ескірген еді дейді.

Владимир Федотов, Көлтоған елді мекенінің тұрғыны:

- Бұрынғы ескі емхана тозып кеткен еді. Халық жазып, үкіметке рахмет, бізге санитарлық талапқа сай жаңа емхана салып берді. Әдемі, құрал-жабдықтармен қамтылған. Медициналық мамандар жеткілікті, акушеріміз бар, медсестра да бар. Қан қысымының дәрісін алып, дәрігерге көрініп тұрамыз. 

Көлтоған елді мекенінде 1500-ге жуық халық тұрады. Заманауи нысан Мемлекет басшысының «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында салынған. Орталықта 2 дәрігер, 1 акушер, 2 фельдшер, 3 мейірбике халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетеді. Одан бөлек 1 жедел жәрдем көлігімен қамтылған.

Жанар Имаханова, дәрігер:

- Медициналық орталықтың ішінде дәрігерлік қабылдау, процедуралық, егу бөлмесі және әйелдерді көру акушерлік бөлмесі бар. Жалпы 125 адам есепте тұрады. Олардың бәріне медициналық қызметтер уақытылы көрсетіледі. Маман жеткілікті. 

2021 жылдан бері «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Ордабасы ауданында 5 фельдшерлік-акушерлік пункт іске қосылды. Ал жеке кәсіпкердің есебінен 1 медициналық бекет қолданысқа берілді. Биыл 5 нысан пайдалануға беріледі деп жоспарланған.

Болатхан Сағынбеков, аудандық орталық аурухананың бас дәрігері:

- Қазір оның құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2024 жылы «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» бағдарламасы бойынша 1 дәрігерлік емхана және 2 фельдшерлік-акушерлік пункт ашылады деп жоспарлап отырмыз. 2024 жылы аудан бойынша 51 елді мекенде барлық санитарлық медициналық мекеме талапқа сай жабдықталады деп отырмыз.

Түркістан облысында «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 49 медициналық нысан салу жоспарланған. Мамандар биыл Мақтаарал, Жетісай, Ордабасы, Қазығұрт, Төлеби және Түлкісбас аудандарындағы шалғай елді мекендерде 10-ға жуық нысанның құрылысы басталатынын айтады.