Қазақстандық жас таланттар Мәскеуде өнер көрсетті
Қазақстандық театр өнерінің жас таланттары Мәскеуде ТМД елдерінің «ГИТИС - шеберлік сыныбы» фестиваліне қатысып жатыр.
Өнер додасының ашылу салтанатында Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы "Моцарт» музыкалық қойылымын көрсетті. Фестивальге қатысушылардың ең жасы - Солтүстік Қазақстан облысының Ермек Серкебаев атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың оқушылары екен.
Ермек Серкебаев атындағы өнер колледжі - мамандандырылған мектеп-интернатының студенттері Мәскеуге Мұхтар Әуезовтің әңгімесі бойынша сахналанған "Қорғансыздың күні" спектаклін әкелді. Қойылымда ойнайтын әртістердің жасы 18-де.
Асылхан Разиев, педагог:
- Олар бұдан бұрын Петропавл қаласының өзінде үлкен сахнаға шығып көрген емес. Өзіміздің бір актілі спекаткльдерімізді ойнадық, бірақ ол коледж ішіндегі іс-шара болды. Қазір үлкен сахнада өнер көрсетейін деп жатырмыз. Біз үшін бұл үлкен абырой.
Фестиваль аясында Ресейдің ең танымал театр институтының оқытушылары сахналық шеберлік сабағын өткізіп, студенттердің жұмысына баға береді.
Гүлханым Қабақбаева, актриса:
- Бұл фестивальға келу тек Қазақстанның атын көрсету емес, сонымен бірге білім алмасуда да жатыр. ГИТИС институтының өте ерекше атмосферасымен қазақстандық студенттер өздеріне мотивация алып кетеді деген сеніміміз мол.
«Студенттік театр фестивалінің ең маңызды артықшылығы – дарынды жастар арасында шығармашылық байланыс орнату және өзара пікір алмасу», - дейді ұйымдастырушылар.
Авторлары: Дана Нұржан, Шахзод Гамиров