300-ден астам оралдық «Атамекен» әнін шырқады
Қиындықта ел бірге.
Еліміздің өнер саласы өкілдері де тасқыннан зардап шеккендерге жәрдемші болып жатыр. Әншілердің бір шоғыры Батыс Қазақстан облысына барды. Олар бір сәтте үйсіз қалған ағайынның көңілін әнмен жұбатып, қолдан келген көмегін ұсынды.
Қиындықты жұмылғанда ғана жеңеміз. Осылай деген өнер жұлдыздары көмегін іспен көрсетуге кірісті. Еріктілердің қатарында қолдарына күрек-қапшық алып, өзен жағасын бекітуге жұмылды.
Өктем Алтай, әнші-композитор
- Қаланың тұрғындары 24 сағат жұмыс жасап жатыр екен. Күні-түні тынбай, соларға келіп қолғабыс тигізсе болады, осында келіп жатып, судың қамалдарын салса болады екен. Міне, осындай нақты нәрселермен айналысу керектігін халыққа жеткізу азаматтық борышымыз деп ойлаймын.
Гүлзира Айдарбекова, продюсер:
- Бір-бірімізді тартып бауырымызға, осылай көмектескенге не жетсін. Бүкіл қазақ еліне біздің айтатынымыз: бір-бірімізге демеу болайық. Қарлығаштың қанатымен су сепкені сияқты әрқайсымыз титтей болса да көмек беретін болсақ нұр үстіне нұр деген.
Өңірде тасқыннан зардап шеккендер үшін 20-дан астам эвакуациялық пункт жасақталған. Ақжайыққа арнайы ат басын бұрған мәдениет саласының өкілдері уақытша тұрақтағы тұрғындармен жүздесіп, көңілін аулаға тырысты. Соның ішінде 500 отбасына киім-кешек пен өзге де қажет заттай көмегін ала келген. Әдетте тек теледидар мен сахнадан көретін әншілерін шынайы өмірде жолықтырған жұрт бастапқыда тосырқап қалғаны рас. Дегенмен кейін бірге суретке түсіп, ән айтып берулерін сұрады.
Күләш Қуанышқалиева, дәстүрлі әнші:
- Қазіргі мына елімізге келіп жатқан Өктем Алтаев, Ерғали ағамыз, одан кейін Гүлзира ханым, Роза Әлқожа. Бұл кісілерден көп көмек болды, ең бірінші халықтың сұрағанын әкелді. Өйткені басында суға кеткендер тез-тез шығып кеткендер. Сол кісілердің сұраған дүниелерін алып келді. 500-дей отбасыға киімдері бар, бүкіл киім-кешектері бәрін берді. Соны үлестірдік.
Тек той-томалақта емес, қиын-қыстау кезеңде де ел-жұрттың жанынан табылған эстарада жұлдыздарына тұрғындар да дән риза.
Нұрзия Нұржанова, тұрғын:
- Бәлен жыл салған үйіміз, еңбектеніп, балаларым құтақандай кезінде салғам. Бірақ не істейміз? Мына өнер адамдары келіп жатыр ғой, рақмет оларға. Көңілімізді аулап жатыр. Мана кішкене де болса киім беріп жіберді. Немерелерімізге, бәріңізге рақмет.
Сондай-ақ сала мамандары ел бойынша апаттан зардап шеккен аймақтарға 10 жылжымалы үй жасатып жатқаны айтылды. Оның үшеуі осы Орал өңіріне беріледі. Өнердің өрісін кеңейтіп жүрген азаматтар осылайша аз күн болса да, халыққа қол ұшын созып, үлгі-өнеге көрсетті. Олардың ендігі бағыты Ақтөбе облысы болмақ.
Авторы: Назерке Тоқжан
300-ден астам оралдық «Атамекен» әнін шырқады
Осы Оралда өзен жағасын нығайтуға қатысқан 300-ден аса тұрғын бір мезетте «Атамекен» әнін шырқай жөнелді.
Ел арасында «Атамекен» әні тап осы Жайық жеріне арналған деп жиі айтылады. Өйткені туындыны дүниеге әкелген қос талант көрнекті ақын Қадыр Мырза Әлі мен танымал композитор Ескендір Хасанғалиев осы өңірдің перзенті. Сондықтан бұл ән сын сағатта оралдықтардың рухын көтеріп, көңілдеріне медеу болды. Бар қиындықты бір сәт ұмыттырып, күні-түні өзен басында еңбек еткен ел-жұрттың жігерін жаныды.
Қазақстандық бишілер халықаралық фестивальге қатысты
Жас қазақстандық бишілер Грузиядағы бал билерінің халықаралық фестивалінде өнер көрсетті. Беделді байқаудан бөлек іс-шарада латынамерикалық және еуропалық билер бойынша шеберлік сабақтары өтті.
Тбилисидегі жыл сайынғы фестивальге бұл жолы 7 елден жас бишілер барған. Барлығы бір жарым мың адам. Қазақстан атынан 30 биші қатысқан. Солардың ең кішкентайы - Амира. Жасы онда. Ол 4 жасынан бері бимен айналысады.
Амира Бостанқаева, фестиваль қатысушысы:
- Мен үш аталым бойынша қатыстым. Үшеуінен де финалға шықтым. Екінші орын алдым. Сонымен қоса екі рет төртінші орын да бұйырды. Қуаныштымын.
Беделді байқау қатысушыларының нәтижелері жетекшілерінің де көңілінен шықты.
Камилла Закирова, би клубының жетекшісі:
- Қоржынымызда бір алтын бар. Қатысушыларымыз күміс және қола жүлдегер атанды. Түрлі аталым бойынша сынға түсіп, әрқайсысынан финалға шықтық.
Тбилисидегі фестивальді ұйымдастырудағы басты мақсат - бал билерін дәріптеу дейді ұйымдастырушылар. Келер жылы олар бұдан да көп елден қатысушы шақыруға ниетті.
Авторлары: Юлия Тужилкина, Шалва Сурамелашвили