Көлік дәліздері елімізді Азия мен Еуропаны жалғаушы алтын көпірге айналдырады
Биылдан бастап қазақстандық жүк көліктері Қытайдың түкпір-түкпіріне емін-еркін қатынап, аспан асты елінің ірі теңіз порттарынына дейін жете алады.
Бұрын олар Қытайдың шекаралас аудандарына барып-қайтумен ғана шектелетін. Бұл өңірлердің тұрақты дамуына, Қытайдың көршілес аймақтарымен өзара байланысты арттыруға ықпал етеді. Сондай-ақ Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамыту мен Ақтау портының инфрақұрылымдық әлеуетін арттыру елімізді Азия мен Еуропаны жалғайтын алтын көпірге айналдырары анық.
Олжас Бейсенбаев, "Қазақстандық қоғамдық даму институты" КЕАҚ Басқарма төрағасының орынбасары:
- Шекара аумақтарындағы Жетісу облысы, ШҚО Шыңжаңмен қатынасы, Шыңжаңның Қазақстанмен қатынасы. Қазақстан мен Қытайдың байланысында Шыңжаң үлкен үлесті алады. Біздің химия өнімдері, ауыр металл шикізат өнімдерін экспорттап жатырмыз Қытайға. Ал Қытайдан бізге құрылғылар, аппараттар, машиналар, басқа да өткізгіш өнімдер келіп жатыр.
Кейінгі жылдары құдайы көршімізбен достық қарым-қатынасымыз нығайып, мәдени алмасуларымыз тереңдей түсті. Бүгінде аспан асты елінің жоғары оқу орындарында 6 бірдей қазақ тілін оқытатын орталық бар. Сондай-ақ, елімізде Қытайдың кәсіптік білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастық жобасы - «Лу Бань шеберханасын» жүзеге асыру бағытында жұмыстар қолға алынған. Ал 2024 жыл Қытайда Қазақстан туризмі жылы болып жарияланды. Бүгінде екі ел арасында аптасына 43 әуе рейсі қатынайды. Бұл барыс-келісті арттырып, таныстығымызды тереңдете бермек.
Ержан Еркінбаев, ҚР Туризм және спорт вице-министрі:
- Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қытайдан келген туристердің саны 386 мың адамға жетті. Оны 2022 жылмен салыстырсақ Қытайдан келген 20 мыңнан астам қонақ болған. Сондықтан өсу деген, динамика деген бар. Биыл енді Қытайдан жарты миллионнан астам туристерді күтеміз.
Әлемнің көптеген елдері Қытаймен арақатынасты өз саясатының негізгі өзегі деп түсінеді. Қазақстан да көрші елмен көп қырлы қарым-қатынасын одан әрі тереңдету үшін өршіл жоспарларды алға қойып отыр.
Мирас Жиенбаев, экономикалық сарапшы:
- Біз Қытаймен қарым-қатынастың жаңа кезеңіне қадам бастық. Дипломатиялық байланыстарымыздың табысты отыз жылын тәмамдай отырып, біз тарихтың жаңа бетін аштық. Жаңа отыз жылдық дәуірге бет алдық. Біз әріптестіктің жаңа сапалы деңгейіне көшуге дайынбыз. Және мұны тараптардың барлығы түсінеді. Сондықтан біз визасыз режимге көштік. Қытаймен жан-жақты ынтымақтастығымыз тек арта бермек.
Қорыта айтқанда, Қазақ-Қытай арасындағы өзара тиімді ынтымақтастық нығая түседі. Экономикалық саладағы жетістіктер еселенеді. Қытай басшысының кезекті мәрте қазақ еліне ат басын бұруы осыған тағы бір дәлел. Мемлекеттік сапар аясында Си Цзиньпин Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің 24-ші отырысына қатысады. Сапар аясында жоғары деңгейде екіжақты келіссөздер жүргізіледі және бірқатар маңызды құжатқа қол қойылады деп жоспарланып отыр.
Қуандық Танабас, тілші:
- Астана әуежайы мен Ақорданы жалғаған Мәңгілік ел даңғылы Қытай басшысына таңсық емес. Си Цзиньпинь мырзаның елімізге бұл бесінші рет келуі. Қытай басшысының бұл жолғы сапарын да тату көршілік принципіміздің заңды жалғасы деуге болады. Бұл жолғы келісімдер де мәңгілік стратегиялық серіктестердің қанытастарына қуатты серпін берері сөзсіз.
Қуандық Танабас