Анкарада Ақтаудың мәдени күндері өтті

Анкарада түркі әлемінің биылғы мәдени астанасы Ақтау қаласының руханият күндері өтті.

Жиынға Түркиядағы қазақ зиялылары, түркі мемлекеттерінің елшілері, мәдениет және қоғам қайраткерлері, сондай-ақ Ақтаудан арнайы келген делегация қатысты. Мәдени байланысты нығайтуға бағытталған іс-шара аясында Маңғыстау облысының басшылығы ТҮРКСОЙ ұйымына ұлттық нақышта безендірілген киіз үй тарту етті. Киіз үйдің ішкі жасау-жабдығын сексеннің сеңгіріне шыққан қолөнер шебері, ақ жаулықты кейуана өз қолымен тоқыған. Анкараға арнайы келген әжей киіз үйдің әр бөлшегін қолмен көрсетіп, бұл сыйдың бауырлас елдер арасындағы достық пен ынтымақтастықтың нышаны екенін атап өтті. Кеш барысында маңғаз өлкенің өнерпаздары өнер көрсетіп, әсем ән мен күмбірлеген күйден шашу шашты. Сондай-ақ келушілер Ақтаудағы мәдени шараларды бейнелеген арнайы фото-көрмені көрді.

Әбілқайыр Байпақов, Ақтау қаласының әкімі:

-Жалпы қазақтың киіз үйі ЮНЕСКО-ның материалдық емес, құндылықтар қатарына енгізілген. Бұл жалпы шаңырақтың бүкіл уықтарын тиеп, керегеге тіреп,  уықтарын тігіп, шаңырағын көтеру – бұл деген үлкен мәні бар нәрсе. Өйткені бұл жерде ынтымақ-бірлік, мейірім, отбасы жылуы деген нәрселер жатыр. Сондықтан осындай ниетпен ТҮРКСОЙ ұйымына сыйға тартылған дүние.

Мәзімхан Оразғалиқызы, шебер:

- Он екі құлаш, он құлаш алашаны бір айда, 20 күнде тоқимын. Мына текеметті енді ол 2-3 күнде бітеді. Осы үйім осындай жақсы болған соң, өзімнің қолымның өнері осындай жақсы болған соң, таңдаған шығар деп ойлаймын. Үй көп қой. Жақсы-жақсы үй бар. Сонда да осы үйді таңдап, осы үйді осында алып келдік.