Қазақстанда жемқорлардың тізімі жарияланады

Елде жемқорлардың тізімі жарияланбақ. Билік бұған «бармақ басты, көз қысты» әрекеттерді тұсау үшін барып отыр. Мәжіліс депутаттары жазаны күшейтуді талқылап, тиісті заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Сыбайластық жайлы ауызша келісімнің өзі темір торға тоғыттыруы мүмкін. Жаңа құжатқа сай, енді параны уәде еткендер де, оны ұсынғандар да қудаланады. Бірақ жаңа құжат жең ұшынан жалғасқан жемқорлыққа тұсау бола ала ма?! Ендігі сұрақ – осы. Былтыр парақорлыққа қатысты 1641 қылмыс тіркелген. Оның 68-і қаржы жымқырумен жүйелі түрде айналысып отырған. Көрсеткіш көлемді. Демек күрес те қарқынды болуға тиіс.