Сарапшы: ШЫҰ – көпжақты диалог алаңы
ШЫҰ көпжақты диалог пен өзара түсіністік арқылы дамуды көздейді.
Қырғыз сарапшылары, халықаралық құрылым – аз уақыт ішінде ортақ шешімдер мен дипломатиялық келіссөздер арқылы ілгерілеуге қол жеткізген ірі әлемдік ұйым дейді.
ШЫҰ арқылы жүзеге асырылатын еуразиялық бастамалар құрылымның геосаяси мүддесін арттыра түсті. Қырғызстан сараптамалық қоғамдастығы өкілдері осындай пікірде. Олар ұйымға мүше елдердің экономикалық тұрғыдан дамуы өзара тығыз байланыстың тиімділігін көрсетіп келеді дейді.
Бақытбек Жұмағұлов, Еуразия стратегиялық зерттеу орталығының директоры:
- Қазақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымы алаңында ортақ байланыс, көпжақты диалог, сенімді қарым-қатынас сияқты маңызды бастамаларды жүзеге асырған ірі ойыншыға айналды. Мұның маңызы өте зор.
Ұйымға мүше елдер көшбасшыларының бұл кездесуі жаһандық мәселелерді оңтайлы шешуге мүмкіндік береді. Ал дағдарысты еңсеру үшін әскери қақтығыс, климаттық өзгеріс сияқты сын-қатерлерді мұқият талдап, таразылау талап етіледі. Осы орайда ерекше басымдықты қажет ететін сала – су ресурстары. Кездесу алаңында оған айрықша көңіл бөлінуі кездейсоқ емес, - дейді сарапшылар.
Бақытбек Жұмағұлов, Еуразия стратегиялық зерттеу орталығының директоры:
- Бұл мәселе әсіресе Ауғанстандағы Кош-Тепе каналының құрылысы басталғанына байланысты өте өзекті. Өйткені ол Өзбекстан мен Түркіменстандағы жағдайға әсер етуі мүмкін. Ауғанстан ұйымға бақылаушы ел болғандықтан бірлестіктің мәселені құрылым шеңберінде талқылап, шешуге мүмкіндігі бар деп ойлаймын.
ШЫҰ-ның басты даму бағытының бірі – экономикалық қарым-қатынасты күшейту. Беларусьтің құрылым қатарына қосылуы – бірлестіктің ауқымын кеңейтіп қана қоймай, әлеуетін де арттыруға мүмкіндік береді. Жаңа нарық өзара тауар айналымды ұлғайтып, ұйымның экономикалық мүддесін ілгерілетуге септігін тигізеді, - дейді сарапшы.
Әсия Нұрлыбаева, Бакыт Чермашев, 24.KZ, Қырғызстан