Астана декларациясы ШЫҰ әлеуетін арттырады
Елордада өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммитінің қорытындысына әлем жұрты жоғары баға беріп жатыр.
Түркия елі сарапшыларының пікірінше, Астана декларациясы – Шанхай ынтымақтастық ұйымының беделі мен ауқымын одан әрі арттырады дейді.
Астанадағы басқосуда Қазақстан бастамасымен әзірленіп қабылданған «Әділ әлем, келісім және даму жолындағы жаһандық бірлік туралы» құжатта жаһандық дамудың тұжырымдамасы жан-жақты қамтылған.
Түркиялық халықаралық қатынастар маманы, ғалым Есма Өздашлы Астанада өткен саммитке қатысты осындай баға берді. Сарапшы онда қабылданған шешімдер ұйымның әлеуетін одан әрі күшейтеді дейді.
Есма Өздашлы, доцент, доктор халықаралық қатынастар маманы:
- Саммиттің қорытынды декларациясы өте маңызды. 2035 жылға аймақта және бүкіл әлемде жаһандық бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету, заңсыз көші-қон және лаңкестік пен есірткіге қарсы күрес сияқты кешенді мәселелер қамтылған. ШЫҰ-ға мүше елдер арасындағы бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету, шекаралық мәселелерді шешу бойынша серіктестікті одан әрі жалғастыруға ниетті. Қазақстан төрағалығы кезінде қолға алған бағдарламалардың барлығын жүзеге асырды. Саммиттегі тағы бір елеулі оқиға – Беларусьтің ұйымға толыққанды мүше болуы деп айтар едім.
Қазақстан өзінің татуластырушы бітімгерлік бастамаларының арқасында ауқымды мәселелерге өз үлесін қосты. Тек өңірдің емес, күллі әлемнің бейбітшілігі мен тұрақтылығына іс- жүзінде қолдау беріп келеді. Мұны әлем жұрты жақсы біледі. Сондықтан Астанадағы саммитке ұйымға мүше мемлекет басшылары түгел бой көрсетіп, халықаралық ұйым басшылары арнайы келіп қатысты.
Есма Өздашлы, доцент, доктор халықаралық қатынастар маманы:
- Қазақстан – түрік әлеміндегі ең ықпалды елдің бірі. Тәуелсіздіктің алғашқы жарияланған күнінен бастап аймақта ғана емес, жаһандық деңгейде бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін өте маңызды қадамдар жасады. Өздеріңіз білесіздер, Қазақстан соңғы жылдары әлемдегі кей қарулы қақтығыстарды тоқтату мақсатында арағайындық жасап, бірқатар шараларды қолға алды. Астанада Сириядағы соғысты тоқтату туралы келіссөздер мен Алматыда Әзірбайжан-Армения келіссөздері өтті. Қазақстанның бұл рөлі өте құнды.
Қазақстан төрағалығы кезінде ұйымның кей бағыттар бойынша жұмысын жандандырып, көптеген іс-шараны жүзеге асырды. Астана саммитіне ұйымға мүше елдермен қатар ірі халықаралық ұйымдардың қатысуы әлем жұртшылығының Қазақстанға деген құрметі мен қолдауының айқын дәлелі дейді сарапшылар.
Меруерт Қанағат, 24.KZ, Түркия