Сарапшы: АЭС – болашақтың энергиясы

Атом энергетикасы – мыңдаған адамға табысты мансап жолын ашатын саланың бірі.

Ал атом электр станциясы салаға қажет білікті кадрларды даярлайтын нағыз ұстаханаға айналады - дейді атом өнеркәсібін дамыту қауымдастығының төрағасы Алдияр Тоқтаров.

Сарапшының пікірінше, қазір еліміз технологиялық және өндірістік дамуға қадам жасауға дайын. Осы ретте болашақта энергия тапшылығын болдырмас үшін қазірден бастап қамдану аса қажет.

Алдияр Тоқтаров, Атом өнеркәсібін дамыту қауымдастығының төрағасы:

- «ҚазАтомПромда» 20 мың, Ядролық физика институтында 800, Ұлттық ядролық орталықта 2000 адам еңбек етеді. Ал Маңғыстау атом энергетикалық комбинатында 150 адам реакторлық қондырғы қызметін қолдау бойынша жұмыс істейді. Бұл – еліміздің үлкен кадрлық әлеуеті дер едім. Қазақстанда атом энергетика саласының мықты іргетасы бар. Енді атом электр стансиясы салынса, осы кадрлық әлеуетіміз тек арта түседі. Ал онда жұмыс істейтін адамдар халықаралық дайындықтан өтіп, білікті маман атанады.