Экстремизм мен терроризмге қарсы күрес
Былтыр сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай реестрінде экстремизм мен терроризмге қатысты 208 қылмыс тіркелді.
Бұл алдыңғы жылдан 6 пайызға көп. Әсіресе, әлеуметтік, ұлттық, тектік және діни негіздегі араздықтың үлесі артқан.
Нақты терроризмді ашық насихаттаудың басым көрінісі Астанада байқалды. 50 жағдай тіркелді. Бұл алдыңғы көрсеткіштен 30 пайызға көп. Осы тізімді Алматы қаласы, СҚ, Атырау және Жамбыл облыстары жалғайды. Құқық қорғаушылар 153 экстремистік материал тәркілеген. Оның дені кітап не ақпараттық парақшалар.
Террорлық әрекеттер біздің елде ең ауыр қылмыс саналады. Біздің ел ғана емес, кешегі Мәскеудегі террористік актінің өзін Қазақстан қатаң айыптайды. Соның дәлелі ретінде елде мемлекет басшысының бастамасымен Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысы өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев терроризмге қарсы күресте өзге елдермен және халықаралық ұйымдармен әріптестікті қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар тапсырма берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстан Мәскеудегі бейбіт азаматтарға қарсы террористік актіні қатаң айыптайды. Терроризмді мүлде ақтауға болмайды. Мен БҰҰ-ға мүше мемлекеттерді жазықсыз азаматтарға қарсы зорлық-зомбылықтың бұл түріне бірауыздан қарсылық танытуға шақырамын.
Мерей: Қазір депутаттар да көші-қонды реттеу бойынша заң жобасымен айналысып жатыр. Оған сай террористік ұйымдарға қатысы бар шетелдіктердің және кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық сипаттағы қылмыстары үшін сотталғандардың елге кіруіне тыйым салу туралы қатаң норма бар.
Талғат Қалиев, саясаттанушы:
- Осы оқиғадан біз де бірталай сабақ алуымыз керек. Өзі Президент жақында ғана құрылтайда да айтқан еді. Экстремистік, деструктивті, діни ағымдарға қарсылық жасау керек. Өйткені олар біздің дәстүрге де жатпайды. Біздің өзі 12-ші ғасырдан келе жатқан діни дәстүрлеріміз бар. Кимінен бастап, ар жағында жасайтын істері тәртібі де бізде ерекше еді. Сондықтан сол мәдениетті ұстану керек.
Өкінішке орай, террорлық акті жайлы жалған хабарлама тарататындар да көбейген. Алайда бұл ойын емес. Дәйексіз дерек таратқандар 5 мың АЕК мөлшерінде айыппұл арқалайды. Тіпті 5 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Ержан Сәденов, ҚР Ішкі істер министрі:
- Хабарламалардың жалған болғанына қарамастан, көрсетілген жерлердегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету және күзетті күшейту бойынша шаралар қабылданады. Мессенджерлер бұғатталады. Былтыр полиция терроризм актісі туралы жалған хабарлағандарға қатысты 215 қылмыстық іс қозғады. 43 адам анықталды, оның 19-ы кәмелетке толмаған екен. Сотталған 7 адамның екеуі кәмелетке толмағандар.
Жалпы лаңкестік әрекет үшін сотталғандардың көбі қылмысты ашық насихаттағандар. Көбінің орта және орта арнаулы білімі бар. Былтыр сотты болғандардың 20-ға жуығы жоғары оқу орындарын аяқтағандар.
Мамандар терроризмге қатысы бар қылмыскерлердің басым бөлімі 5-8 жылға дейін бас бостандығынан айырылғанын айтады. Біздің елде 20 жылдан аса қамауға алынғандар тіркелмеген. Өмір бақи бас бостандығынан айырылғандар немесе өлім жазасы кесілгендер де жоқ.
Заң мен тәртіп бәріне ортақ екенін ұмытпаңыз.