Қазақстанда бірнеше қаланы LRT желісімен байланыстыру жоспарланып отыр

Эскиз: Алматы облысының әкімдігі

Қазақстанда Алматы, Алатау және Қонаев қалаларын LRT арқылы байланыстыру мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл туралы вице-премьер Қанат Бозымбаев мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».

Оның айтуынша, Алатау қаласының халқы әзірге 50 мыңнан сәл ғана асады. Сондықтан қазіргі кезеңде метро салудың қажеттілігі жоқ.

Билік  қазір қалалар арасындағы көлік қатынасын дамыту үшін LRT жүйесін және басқа да балама жобаларды зерттеп жатыр. Атап айтқанда, әуе жастығымен жүретін пойыз нұсқасы да қарастырылуда.

«Қазір LRT, әуе жастығындағы пойыз және өзге де нұсқаларды зерттеп жатырмыз. Әлем мамандарымен жұмыс істеп жатырмыз. Ең тиімді, қолжетімді әрі сапалы шешімді іздейміз», – деді Қанат Бозымбаев.

Алайда,  әзірге нақты шешім қабылданбаған.

«Бұл метро бола ма, әлде басқа жүйе ме – оны қазір нақты айта алмаймын. Бірақ бүгінгі күні метро салудың қажеті жоқ», – деді Қанар Бозымбаев.

Сондай-ақ вице-премьер жаңа қаланың дамуына байланысты көлік кептелісі болмайтынын жеткізді. Alatau City бас жоспары халықаралық Surbana Jurong компаниясының қатысуымен әзірленген. Қазір жобаға урбанистика және көлік жоспарлау саласындағы халықаралық сарапшылар да тартылып жатыр.

Бұған дейін «Алматыгенплан» ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Асхат Сәдуов Алматы метросын дамыту жоспары қарастырылып жатқанын айтқан еді. Оның сөзінше, метро желісін «Барлық» станциясына дейін ұзарту және оны Алматы-1 вокзалымен байланыстыру мүмкіндігі зерттелуде.

Өткен жылдың соңында жаңа метро желісі Алматыны Алатау қаласымен байланыстыратыны хабарланған болатын. Жоспар бойынша жасыл желідегі екі станция Алматы облысындағы қала аумағына кіруі тиіс еді.