Алматы тұрғындары әлемдегі ең қымбат қалалардың біріне тікелей ұша алады
Қазақстан мен Қытай Алматы мен Гонконг арасын тікелей әуе рейсімен байланыстыруды жоспарлап отыр. Жаңа әуе қатынасын іске қосу мәселесі Премьер-министр Олжас Бектенов пен Гонконг әкімшілігінің басшысы Джон Ли арасында талқыланды, деп хабарлайды «24KZ».
Бағдарлама 2027 жылдың бірінші тоқсанында іске қосылады. Рейстерді Гонконгтың жетекші әуе компаниясы – әлемдегі ірі тасымалдаушылардың бірі Cathay Pacific орындайды. Компанияның маршруттық желісі 200-ден астам бағытты қамтиды.
Гонконг – Алматы – Гонконг бағыты бойынша рейстер аптасына үш рет Airbus A330-300 кең фюзеляжды ұшақтарымен орындалады.
Қазіргі таңда бұл бағыт Қазақстан мен Гонконг арасындағы жалғыз тікелей әуе қатынасы болмақ. Бұған дейін қазақстандықтар бұл мегаполиске тек ауысып міну арқылы ұшатын.
Жаңа рейстің іске қосылуы туристер үшін қолайлылықты арттырып қана қоймай, Қазақстан мен Азия-Тынық мұхиты өңірі арасындағы инвестиция мен сауданың дамуына да серпін береді деп күтілуде.