Алматыда безгектің екі жағдайы тіркелді: науқастар шетелден келген
Алматыда соңғы аптада безгек ауруының екі жағдайы анықталды. Инфекция Габон мен Вьетнамнан оралған азаматтардан табылған, деп хабарлайды «24KZ».
Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының мәліметінше, науқастардың бірі Габонға іссапармен барып келген болса, екіншісі Вьетнамда демалып қайтқан. Зертханалық тексеру нәтижесінде олардың бірінен тропикалық безгек, екіншісінен үш күндік безгек анықталған.
Мамандардың айтуынша, тропикалық безгек аурудың ең қауіпті түрі саналады. Уақтылы емделмесе, оның белгілері бірнеше айдан кейін қайта пайда болуы ықтимал.
"Науқастардан безгектің екі түрлі түрі – тропикалық және үш күндік безгек анықталды. Тропикалық безгек ең қауіпті түрі саналады. Уақытылы емделмеген жағдайда ол миға, бауырға, бүйрекке және тыныс алу жүйесіне зақым келтіріп, кей жағдайларда өлімге әкелуі мүмкін. Ал үш күндік безгек әдетте жеңілірек өтеді. Алайда оның қоздырғышы ағзада ұзақ уақыт сақталатындықтан, ауру жұқтырғаннан кейін бірнеше ай өткен соң қайта байқалуы мүмкін", – деп хабарлады орталық мамандары.
Қазір екі науқас та стационарда ем қабылдап жатыр. Денсаулық сақтау қызметкерлері індеттің таралуына жол бермеу үшін қажетті эпидемияға қарсы шараларды жүргізуде.
Жыл басынан бері Алматыда шетелден әкелінген безгектің төрт жағдайы тіркелген.
Мамандар безгек ауруы Anopheles масаларының шағуы арқылы жұғатынын атап өтті. Ауру адамнан адамға қол алысу, ортақ ыдыс пайдалану, тағам, су немесе ауа арқылы берілмейді.
Сондай-ақ безгек кең таралған елдерге сапарлайтын азаматтарға алдын алу шараларын сақтап, дәрігерлерден кеңес алу ұсынылды.