Ғылымды қаржыландыру соңғы жеті жылда 3,6 есе өсті
Елімізде ғылымды қаржыландыру көлемі соңғы жеті жылда 3 жарым есе өсті, деп хабарлайды 24KZ.
2019 жылы бұл көрсеткіш 72 млрд теңге шамасында болса, 2025 жылы ғылымға салынған қаражат мөлшері 261 млрд теңгеден асқан. Өсім 3,6 есе, яғни 190 млрд теңгеге жуықтайды.
Сала мамандарының айтуынша, ғылымды дамыту үшін қаржыландыру көлемінің маңызы айрықша. Себебі заманауи зерттеулер үшін дамыған зертханалық база, ақпараттық ресурстарға қолжетімділік, ғылыми жұмыстарды ынталандыру және білікті кадрлар даярлау қажет. Ал қаражат жеткілікті болса, мүмкіндіктер молаяды. Алайда қаржыландыру көлемін түпкілікті нәтиже ретінде қарастыруға болмайды. Себебі басты мәселе оның тиімділігінде. Сондықтан жауаптылар ғылыми еңбектердің сапасына да аса мән берілетінін айтады. Жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдардың зерттеу базасына да басымдық беріліп отыр. Өйткені олар неғұрлым мықты болса, жас мамандардың да нақты ғылыми жобаларға қатысуына, өздерінің әлеуетін қалыптастырып, тың дүниелер жасауына соғұрлым көп мүмкіндік туады.