Алматыда бес мыңнан астам мектеп мұғалімі ЖИ курсынан өтті

Алматыда 5 мыңнан аса мектеп мұғалімі жасанды интеллект курсынан өтті.

Қазірдің өзінде 200 мыңнан аса оқушы мен мұғалім AI-құралдарын оқу барысында қолданады. Бұл бастама оқыту процесін заманауи технологиялармен жаңғыртуға бағытталған.

Орта білім беруде жасанды интеллектіні пайдалану мұғалімнің орнын алмастырмайды. Керісінше олардың жұмысын жеңілдетуге арналған. Бұл оқушылардың цифрлық сауаттылығын арттыруды көздейтін жоба. Алматыдағы Ғабиден Мұстафин атындағы мектепке 100 жыл толды. Тарихы терең білім ошағы бір ғасыр бойы заман ағымынан қалмай келеді. Әрдайым уақыт талабына сай жаңашылдықтарды енгізуге әзір.

Бақытнұр Өтепбекова, Ғ. Мұстафин атындағы №191 мектеп директоры:

- Жасанды интеллектіні қазіргі таңда химия, биология, информатика пәндерінде, математика пәндерінде баса қолданады. Жалпы жасанды интеллектіні барлық пән мұғалімдері өз сабақтарында  өте тиімді қолдануда. Дәстүрлі білім беру жүйесінен, заманауи білім беру жүйесіне көштік.

Жалпы Алматыда білім беруді цифрландыру мақсатында кешенді жұмыс жүргізілуде. Қаладағы 48 мектепте екі пилоттық жоба сынақтан өтіп жатыр. Біріншісінде әр баланың жеке АІ-репетиторы болады. Оқушы онлайн платформада тест тапсырады. Одан кейін АІ-репетитормен бірге қатемен жұмыс жүргізеді.

Әсем Боханова, қалалық білім берудегі жаңа технологиялардың ғылыми-әдістемелік орталығының әдіскері:

- Педагогтар жасанды интеллект құралдарын сабақты жоспарлау, оқу материалдарын әзірлеу, визуалды контент жасау және білім алушылардың оқу белсенділігін талдау бағытында белсенді қолданып келе жатыр. Алматы қаласы білім басқармасы чат GPT EDU жобасы аясында 5 мыңнан астам лицензия қарастырған. Қазіргі таңда 4 мыңнан астам педагог платформаға қол жеткізіп, оның 3 мыңнан астам аккаунты белсенді пайдаланылып жатыр.

Келесі жобаның мақсаты жоғары сынып оқушыларын ҰБТ-ға дайындау. Платформа ғылыми жобалар дайындауда таптырмас көмекші. Заманауи құралдарды жоғары сынып оқушыларымен қатар бастауыштың балалары да пайдаланады. Мұғалімдердің айтуынша, мақсат балаға пәнді жеңіл әрі, қызықты етіп түсіндіру.

Манат Әшірбекова, №220 жалпы білім беретін мектеп директоры:

- Біз барлық пәннен жасанды интеллектіні пайдаланып жатырмыз. Қазақ тілі пәндерінде мысалы эссе жазуда қолданамыз. Басқа пән орыс тілі, ағылшын тілі пәндерінде чат GPT платформасын мысалы, аударма есебінде пайдаланамыз. 

Президент жарлығына орай шілде айына дейін Үкімет мектептерге жасанды интеллектіні енгізудің арнайы жоспарын бекітеді. Ал, тамыз айының соңына дейін елдегі білім ошақтарын интернетпен қамту жұмыстары аяқталуы тиіс. Ал бұл технологияларды қолданудың бірыңғай стандарттары қыркүйек айына дейін бекітілмек. 

Ернұр Рысбай, Валентин Лобанов, Кенже Амраев