Жасанды интеллект зерттеуді жылдамдатты
Алматыдағы университеттердің бірі студенттер мен жұмыс берушілер арасында алтын көпір орнатуды көздеп отыр.
Жаңа стартап жоба арқылы студенттердің оқу үлгерімімен онлайн танысуға болады. Бұл компанияларға үздік түлекті таңдауға мүмкіндік береді. Сарапшылардың пікірінше, жасанды интеллект стартап әлемін түбегейлі өзгертіп жатыр. Бұрын жаңа жоба жасау үшін айлар, тіпті жылдар қажет болса, қазір бірнеше сағатта өнімнің алғашқы нұсқасын дайындауға мүмкіндік бар.
Сарапшылардың айтуынша, AI технологиялары уақыт пен шығынды айтарлықтай азайтады. Стартап жасаушылар өнімнің MVP, яғни ең бастапқы нұсқасын ұсына алады. Бұл — нарықтың сұранысын тез тексеруге мүмкіндік беретін қарапайым тәсіл. Егер қызығушылық болса, стартапты дамытуға болады.
Дархан Қуанышбай, университеттің технопарк директоры:
- EdTech саласында бір стартапты айтып өтейін. Университетімізде енгізіліп жатыр. Ол – Space деген стартап. Студенттер жайлы, бүкіл іс-шараларға қатысып жатқан оқу жайындағы бүкіл ақпараттарды жинап, талдап, оларды сырттағы HR-ға сату. Қазіргі таңда инкубаторлардан орын алып, инвестицияларға запростар беріп жатырмыз.
Алматылық стартапшылар жасанды интеллектің мүмкіндігін креативті индустрияда сәтті қолданып жатыр. Отандық Higgsfield AI платформасында жасалған Дінмұхаммед Қонаев туралы деректі фильмнің трейлері технологиялық өнім болғанымен, ұтымды шыққан. Арнайы түсірілім алаңын жасақтап, актёр шақырып, декорация құрмай-ақ, жасанды интеллектті басқара отырып жасалған.
Бағлан Төлебай, аға оқытушы, докторант:
- Ол жерде біз жасанды интеллекті барынша шынайы қолдануға тырыстық. Мен Қазақфильм киностудиясында жұмыс істегенмін. Кино салада кішігірім тәжірибем бар. Біз сол экспертизамызды ЖИ-ге салдық. Жақында біз сол жобамызды жасап шығардық. Қонаев атамыздың трейлері. Барлығын алған кезде қосып 1 миллиондай қаралым жинадық. Яғни бұл не деген сөз? Біздің өзіміздің отандық, тарихи жобаларға сұраныс өте жоғары.
Қазір стартап экожүйесінің дамуына технопарктер, акселерациялық бағдарламалар және инвестициялық қорлар қолдау көрсетіп отыр. Бұл қазақстандық жобалардың әлемдік деңгейде танылуына мүмкіндік береді.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Радик Жакупов