Мемлекеттік сектордағы жасанды интеллектінің маңызы талқыланды

Мемлекеттік басқару саласына жасанды интеллектіні енгізу қарқын алды.

Астанада мемлекеттік органдардың басшылары мен әкімдерге арналған стратегиялық семинар өтті. Шараны «01.AI» компаниясының бас директоры әрі Президент жанындағы Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің мүшесі Кай-Фу Ли жүргізді. Ол өз сабағында нейрожелінің артықшылығын және салаларға енгізудің маңызын атады.

Жаһан жұрты адамзат тарихындағы ең ауқымды технологиялық революцияның басында тұр. Сандық жүйенің өмірімізге дендеп кіргені сол, қазір жасанды интеллект қойылған сұраққа жауап беріп қана қоймай, күрделі міндеттерді орындауға қауқарлы. «01.AI» компаниясы бас директорының айтуынша, нейрожелі әсіресе мемлекеттік органдарда стратегиялық жоспар құруға әрі саланы дамытуға септігін тигізеді.

Кай-Фу Ли, "01.AI" бас директоры, ҚР Президенті жанындағы жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің мүшесі:

- Бүгінде адамзат тарихтағы ең ауқымды технологиялық революцияның табалдырығын аттады. Жай ғана чат-боттан Эй-Ай дәуіріне қадам басты. Яғни ол бір емес, ауыл шаруашылығы, су ресурстары және медицина секілді бірқатар салада өзінің жемісін бере алады. Бүгінгі семинардың мақсаты – жасанды интеллектіні мемлекеттік басқару мен жалпы экономикада кеңінен қолданудың маңызын түсіндіру.

Еліміз жаңашылдықтардан кенде қалған жоқ. Бүгінде біздегі Айти-қызметтер экспорты 1,1 миллиард доллардан асты. Ал миллиондаған адам жасанды интеллект дағдыларын меңгеріп жатыр. Бұған қоса Мемлекет басшысы биылғы жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялады. Бұл бағытта тиісті кодекс пен заң қабылданып, «Диджитал Қазақстан» стратегиясы бекітілді. Сондай-ақ елордада «Алем эй-ай» халықаралық жасанды интеллект орталығы іске қосылды.

Жаслан Мәдиев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары-жасанды интеллект және цифрлық даму министрі:

- Осы тренингке бүкіл мемлекеттік орган басшылары, қалалар және облыс әкімдері қатысып отыр. Доктор Кай-Фу Ли әлемге танымал ЖИ футурологы және кәсіпкер, сондай-ақ ол ЖИ дамыту жөніндегі кеңес мүшесі. Қазақстанда жасанды интеллект енгізіліп жатыр бүкіл мемлекеттік органдарда және кәсіпкерлерде.

Альмира Оразбай, тілші:

- Президент цифрлы мемлекет құруға айырықша назар аударады. Қазір озық технологиялар мен жасанды интеллектіні мемлекеттік басқару жүйесінің барлық саласына енгізу стратегиялық мақсатқа айналды. Сондықтан сандық жүйелер арқылы мемлекеттік органдардағы жұмысты автоматтандыру маңызды.

Альмира Оразбай, Марат Диханбаев