«Астана» фиджитал-баскетболдан плей-оффқа шықты

Астана әлемнің түкпір-түкпірінен үздік киберспортшыларды жиып, «Болашақ ойындарын» өткізіп жатқанына 3-ші күн.

Бір тәуірі өңшең мықтының арасында Фиджитал-баскетболдан өзіміздің 2 командамыздың біреуі плей-офф кезеңіне жолдама алды. Екіншісі өкінішке қарай топтан шығып қалды. 

Қымбатты көрермен, осы орайда фиджитал-баскетбол ойынын толықтай түсіндіре кетейін. Командалар алдымен мына компьютерлер арқылы виртуалды әлемде бақ сынайды. Әрі қарай құрамадағы өзге ойыншылар нағыз баскетбол алаңына шығып, өзара мықтыларды анықтайтын болады. Яғни кезекті ұпайларына таласады. 

Фиджитал-баскетболдан жарыстың екінші күні тартысты ойындарға толы болды. Алғаш болып алаңға шыққан қазақстандық GTB.KZ командасы қытайлық MDMX ұжымымен кездесіп, жеңіліп қалды. Жерлестеріміз киберспорттық кезеңде 5:20 есебімен яғни ірі есеппен ұтылса, шынайы ойында ұпай айырмасын барынша қысқартқанымен 27:30 есебімен есе жіберді.

Есет Жарқылов, GTB.KZ командасының мүшесі:

- Ойын өте қызық болды. Бір жақтан ұтылып, екіншісін ұтып тарих жасағымыз келді. Бірақ қолдан келмеді. Жалпы ойын жақсы. Біздің киберспортқа өзіміздің жоспарымыз бар еді. Бірақ іске аспай қалды. Кешегі ойын қайталанды. Бір жағынан жанкүйерлерге өте қызықты болды. Бізге де қызық болды. Қолдау да мықты болды. Бірақ жанкүйерлердің үмітін ақтай алмадық. Кешірім сұраймын.

Ал кешкісін жарыс жолына шыққан «Астана» командасы жанкүйерлердің үмітін ақтады. Олар топтық кезеңдегі екінші ойынын сербиялық ұжымға қарсы өткізіп, жеңіске жетті. Қорытынды есеп 33:22. Енді плей-оффта Аргентинада келген Бока Хуниорс командасымен кездеседі. Ойын бүгін 19:40 та QAZAQSTAN жеңіл атлетика спорт кешенінде өтеді.

Авторлары: Мерей Қанапия, Мадияр Қындыбаев, Медет Қуанышбеков