Жасанды зерде адамнан ақылды ма?

Жасанды интеллектіге қатаң бақылау қажет. БҰҰ-ның тәуелсіз сарапшылары осындай мәлімдеме жасады. Ғалымдардың бұлайша дабыл қағуына себеп те жоқ емес. Жасанды интеллект кибершабуыл жасаған. Бұл жасанды зерденің ақылы адамнан асып бара жатқанын көрсете ме қалай?  Ғалымдар осыған алаңдайды. Енді қайтпек керек?

Жасанды интеллектінің мүмкіндігі зор, әрине. Бірақ қаупі де орасан. Мәселен, таяуда OpenAI компаниясының нейрожелісі бақылаудан шыққан. Сөйтіп, Hugging Face жүйесіне кибершабуыл жасады. ChatGPT әзірлеушісі қауіпсіздік шараларын күшейтетінін мәлімдеді. Десе де кибершабуылдан бөлек, жасанды интеллект жалған ақпарат та таратады. Сондай-ақ зиянды контентті де көбейтті.     

Антониу Гутерриш, БҰҰ Бас хатшысы:

- Жасанды интеллект көз ілеспес жылдамдықпен дамып келеді. Озық технология еңбек нарығына, қауіпсіздік, сайлау, тіпті тұтас экономикаға әсер ете бастады. Ал нейрожеліні ойлап тапқан ғалымдар мұның қарқынына ілесе алмаса, не болмақ? Қазір әлемде көп өзгеріс болып жатқанын көріп тұрмыз. Ендігі мәселе, бұл ақылды жүйелер адамға қызмет ете ме, әлде адамзатқа қауіп төндіре ме? Бұл біз бүгін қабылдайтын шешімдерге байланысты болмақ.  

Қазір Google немесе "Яндекс" секілді іздеу жүйелері қолданыстан шыға бастады. Орнына ChatGPT немесе "Джемини ай" сияқты чат-боттарды пайдаланады. Мұның көмегіне аптасына бір млрд-тан аса адам жүгінеді. Яғни жасанды интеллект негізгі ақпарат көзіне айналды. Ал мамандар: "бұл жалған ақпараттың көптеп таралуына жол ашуы мүмкін, - деп алаңдайды.

Ян Цзе, Қытай интернет қауымдастығының төрағасы:

- Жасанды интеллект стратегиялық технология ретінде барлық салаға дендеп еніп келеді. Алдағы уақытта жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін ақылды құрылғылар мен жүйелер кеңінен тарайды. Ал бұл жүйелердің есептеу, ақпаратты қабылдау, талдау мүмкіндігі арта береді. Болашақта жасанды интеллект агенттерінің саны әлемдегі адам санынан да асып кетуі мүмкін.

Әлемнің біраз елінде жасанды интеллектіні қолдану заңмен реттелген. Алайда ғалымдар: «Бұл  жеткіліксіз, мемлекеттер бірігіп, ортақ халықаралық ережелер қабылдау қажет, - дейді.