Жол сапасы жасанды интеллекттің бақылауына өтеді
Қазақстанда көлік инфрақұрылымын кешенді түрде бағалап, жол қауіпсіздігін арттыру мақсатында жасанды интеллект технологияларымен жабдықталған жылжымалы жол зертханалары енгізіліп жатыр., деп хабарлайды «24KZ». Бұл жаңа кешен жол төсемінің техникалық жай-күйі мен геометриялық параметрлері туралы деректерді жинау жұмыстарын толықтай автоматтандыруға мүмкіндік береді.
«ҚазжолҒЗИ» АҚ жетекші маманы Данияр Зәкіржанның айтуынша, жаңа жүйе жол сапасын бақылауды едәуір жеңілдетеді.
Жылжымалы жол зертханасы жолдарды сканерлеп, олардың техникалық сипаттамаларын анықтайды. Одан кейін жасанды интеллект жүйесі жол жабынының жай-күйі туралы есеп қалыптастырады. Кешен жол белгілері мен жол таңбаларын тіркеуге арналған үш камерамен, жабынның тегістігін бақылайтын ультрадыбыстық датчиктермен, сондай-ақ ақауларды анықтауға арналған лазерлік сканерлеу жүйесі бар артқы камерамен жабдықталған.