Елдегі 21 мыңнан астам медициналық ұйым цифрландырылды

Елдегі 21 мыңнан астам медициналық ұйым, 221 мың техника және мыңдаған медицина қызметкерінің деректері цифрландырылды.

Ақпараттарды біріктіру және бақылауды күшейту нәтижесінде медициналық жүйеден пациенттердің 400 мыңдай ескірген картасы алынып тасталды. Ал мед-қызметтерді негізсіз тұтыну көлемі біршама төмендеді. Бұл туралы Премьер-министрдің төрағалығымен өткен кеңесте айтылды. Оған Денсаулық сақтау, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрліктер басшылары мен отандық IT компаниялардың өкілдері қатысты. Жиында саланы сандық жүйеге көшіру жөнідегі Мемлекет басшысы тапсырмаларының орындалу барысы қаралды. Қазір Президент пәрменіне сәйкес Бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйе құрылып жатыр. Ол тиісті деректерді бір жүйеге біріктіреді. Аталмыш платформаны дәрігерлердің жұмыс құралына айналдыру көзделді.

Ербол Оспанов, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі:

- Мың сан ақпараттық жүйе орнына бір экожүйе жасалып жатыр. Бұл – е-денсаулық. Оның жеті компоненті бар. Оның бесеуі бүгінде қосылды, жұмыс істеп жатыр. Екеуі жыл соңына дейін іске қосылуы жоспарланып отыр.

Үкімет басшысының төрағалығымен өткен кеңесте препараттарды таңбалау және қадағалау жүйесінің жұмысы да айтылды. Бүгінге дейін 1 млрд-тан астам дәрі-дәрмектің қаптамасы таңбаланып үлгерген. 1500-ден аса дәрілік заттың бағасы «тұрақты» деп бағаланды. Ал 800 препараттың құны төмендеді. Кеңесте жасанды интеллектінің элементтері бар цифрлық шешімдер мен бірқатар жоба да ұсынылды. Жиын соңында Премьер-министр Президенттің Жолдауда берген тапсырмаларын тағы бір еске салды. Олжас Бектенов денсаулық сақтаудың бірыңғай сандық контурын құру – стратегиялық маңызға ие екенін атады. Сондай-ақ қабылданған шешімдер медициналық көмектің тиімділігі мен қолжетімділігін арттыруға тиіс деді.

Сондай-ақ оқыңыз: