Ақмола облысында ЖИ шаруалардың жұмысын жеңілдетті

Ақмола шаруалары жасанды интеллект көмегімен мол өнім жинап жатыр. Жаңа технология егін өнімділігі мен алқаптың ылғалдылығын бірден анықтауға мүмкіндік береді.

Қазір аймақта 1200-ге жуық серіктестік жасанды зияттың игілігін көріп отыр. 

Игілік Тасеновтың комбайны толық автоматтандырылған. Механизатор компьютер арқылы бәрін бақылап отырады. 25 жылдық тәжірибесі бар маман жаңа технологияны әбден меңгеріп алған.

Игілік Тасенов, механизатор:

- Міне компьютері бар. Бәрін көрсетіп отырады. Ылғалын, обмалотон көрсетеді. Навигаторы бар. Патрулі бар. Жеңілдікпен жүреміз.

Сандықтау ауданындағы серіктестік биыл 14 мың гектар алқапқа дән сіңірген. Осы жер түгелімен цифрландырылған. Сондықтан шаруа қожалығы басшысы әр алқапты араламай-ақ, қолдағы құрылғымен жай-күйді біліп отырады.

Аржан Дулат, серіктестік директоры:

- Кеңседе отырып-ақ алқап басындағы жағдайды біліп отырамыз. Яғни техниканың бағыт-бағдарын, өнімділік пен қанша жиналғанында көруге болады. Әрине бұл өте ыңғайлы. Сонымен бірге цифрландыру шығынды азайтуға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта осы жұмысты дамытып, өзімізге тиімді ортақ жүйе жасауды көздейміз.

Қазір аймақта егін шаруашылығымен 11 мыңға жуық ірілі-ұсақты шаруашылық бар. Әзірге соның мыңнан астамы цифрландыру жұмысын қолға алған. Алдағы уақытта барлығын сандық жүйеге көшіру жоспары бар. Себебі тың технология егін шығымын көбейтеді.

Нұрбек Бадырақов, Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Бұл әрине бір гектарға шаққан кездегі шығынын 15-20 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік беріп отыр. Жасанды интеллектіні қолдану арқылы қандай ауыспалы егістікті сақтау керектігін, қандай ылғалды алдын ала болжап, ылғалға байланысты сұйық минералды тыңайтқыштарды пайдалану есебінде оң тәжірибелерін көрсетіп отыр. Бұл осы цифрлық технологиялардың нәтижесінде. 

Қазір аймақта күзгі жиын-терім науқаны қызу жүріп жатыр. Осы уақытқа дейін диқандар 3 млн гектардан астам алқапты игеріп, қамбаға 4 млн тонна астық құйды. 

Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко

Сондай-ақ оқыңыз: